Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » САЙРАМ: ҚАРАСУДА АТА-АНАЛАР МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫНА ШАҒЫМДАРЫН БІЛДІРДІ

САЙРАМ: ҚАРАСУДА АТА-АНАЛАР МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫНА ШАҒЫМДАРЫН БІЛДІРДІ

Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округінде орналасқан Сайрам ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №14 М.Сапарбаев атындағы жалпы орта мектебінің жаңа оқу ғимаратына жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасыздығы және ескі ғимараттың жарамсыздығына байланысты ата-аналар тарапынан наразылықтар туындаған.
Ата-аналар 31 арнанының тілшісі Мақсат Жақсыбайұлын шақырып, өз қарсылықтарын білдіре отырып, балаларына қажетті жағдайды жасауды талап етті.
Осы мәселені түсіндіру үшін аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, бөлім басшысы Гульнара Тынымбаева, аудандық сәулет және қала құрылысы, құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Е.Момыналиев, Қарасу ауылдық округінің әкімі Дамир Сыдыков тұрғындармен кездесті. Бұл кездесуге «Өзге де пікір» газетінің бас редактордың орынбасары Ұлықбек Үмбет, аудан әкімінің баспасөз қызметі Меруерт Шонтукова және «Elnur tv» телеарнасының тілшісі Данат Балкыбекұлы қатысты.
Ата-аналардың айтуынша, мектептің жанынан жаңа ғимараттың құрылысы аяқталғанымен, құрылысы сын көтермейді. Атап айтқанда, жаңадан салынған мектептің төменгі жақтағы жер төлесі суға толған. Кейбір сынып бөлмелерінің төбесінен су аққан. Ашық аспан асытындағы спорттық алаңшаларының бетіндегі төсеніштері көшірілген. Электр жарығы мен жылу жүйесі іске қосылмаған.
Ағымдағы жылдың қараша айынан бастап ескі ғимаратта 500-ден астам бала 3 ауысымда білім алуда. Оқытылатын кейбір пәндер қысқартылып, онлайн режиміне өткен.
Мектептің алдына жиналған тұрғындарға ауданда білім саласына жауапты басшы Гүлнар Тұңғышбекқызы өз тарапынан ескі мектеп апатты болып танылғаны туралы растайтын қорытынды құжаттары жоқ екенін, жаңа ғимарат ретке келгенге дейін жекеменшік мектепте уақытша тасымалдап, оқытуды жоспарлап отырғанын назарға салып өтті. Сонымен қатар, ауылдық округінің әкімі тұрғындардың шағымдары бойынша бірнеше рет хат жазылып, хабар жеткізілгенін тілге тиек етті.
Түркістан облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Өтегенов телеарналарға берген сұхбатына қарағанда, жер төленің суы арнайы сорғышпен сорғызылып, қашыртқылар орнатылады. Құрылысына қатысты кемшіліктер алдағы он күн ішінде кепілдеме мерзіміне сәйкес реттелетін болады.
Айта кетелік, ескі ғимарат 1990 жылы 350 орындық, 2 қабатты, ыңғайластырылып салынған. Қазіргі таңда 1253 оқушы екі ауысымда білім алуда. Жылу жүйесімен қамтылған.
Ал, аталған мектепке 2019 жылы қосымша 200 орындық оқу корпусы, спортзал және акт залы, асхана және шеберхана құрылысы жүргізілген. Сметалық құны 790 318,0 мың теңге, конкурстық құны 612 756,57 мың теңгені құрайды. Мердігер мекеме «Тараз Құрылыс Инвест», жобалаушы «А Строй Проект», техникалық қадағалаушы «Орда Сидикат LTD» ЖШС-тері.
Бүгінгі таңға дейін тапсырыс беруші Түркістан облысының құрылыс басқармасы тарапынан толық қабылданбаған.
Осы жаңа оқу ғимараты құрылысы аяқталғанымен, бүгінгі таңға дейін тапсырыс беруші салалық басқарма тарапынан толық қабылдау жұмыстары жүргізілмей, облыстық мемлекеттік активтер және қаржы басқармасы тарапынан №14 М.Сапарбаев атындағы жалпы орта мектебінің балансына басқару құқығымен өткізу туралы қандай да болса құқықтық акті қабылдап берілмеген, яғни аталған жаңа оқу ғимараты мектеп балансына өтпеген.
Ата-аналар алдағы уақытта өзекті мәселенің шешімі табылатыны туралы жауаптарын алып, тарқасты.

Пікір жазу