Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЕСТЕН КЕТПЕС ЕРСІН АҒА

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕРСІН АҒА

Бүгін Сайрам ауданы Ш.Қалдаяқов атындағы ауылдық клубта дәрігер, психотерапевт, жазушы, драматург Ерсін Қойбағаровтың «Естен кетпес Ерсін аға» атты еске алу кеші және «Сергелдең сезім» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Еске алу кешінің бірінші бөлімі Ерсін Қойбағаровтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильммен басталды. Аудандық Қазақ халық театры Е.Қойбағаровтың «Бала мен қайыршы» пьесасынан қойылым қойды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Байназаров кешті ашып, аудандық орталық кітапхана оқырмандары Е.Қойбағаровтың туындыларынан жыр шашты. Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Е.Қойбағаровтың сөзіне жазылған «Манкенттің түнін есіңе ал», «Сен мені кінәлама» атты әндерін шырқады. ҚР мәдениет қайраткері, аудандық Қазақ халық театрының режиссеры Әскер Құлданов, ҚР мәдениет қайраткері, Сайрам және Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы Сейдуалы Темірбаев, бірнеше халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы Бөрібай Оразымбетов, жазушы, Кентау қаласының Құрметті азаматы Есқара Тоқтасын Ерсін ағамыздың өмір жолдарынан естеліктер айтты.
Кештің екінші бөлімінде ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын, «Мәртөбе» газетінің редакторы Нұрғиса Төремұратов «Ел қадірлісін ескереді» атты баяндама оқыды. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ауданымыздың Құрметті азаматы, бірнеше ақын жазушылардың шығармаларын өзбек тіліне аударған ақын, жазушы Әбдірахым Пратов, «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, ақын Зияда Исатайқызы, ҚР мәдениет қайраткері Сейдуалы Темірбаев Е.Қойбағаровтың «Сергелдең сезім» кітабының тұсауын кесіп, Әбдірахым Пратов келген қонақтарға кітапты сыйға тарту етті. Іс-шараға келген қонақтар ақын, жазушы Саотай Камалова, ақын, жазушы Сунаттула Акрамов, ақын, жазушы Умрой Каримова және тағы басқа қонақтар сөз сөйледі. Кеш соңында Ерсін ағамыздың өмірлік серігі Бағдагүл апай, Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Дәулетхан Алашбаев кештің жоғары деңгейде өткенін айтып, ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, клубтың фойесінде қонақтарға Е.Қойбағаров пен Ә.Пратовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Тұлғасы тұнған тәлім, есімі елге мәлім, Ерсін аға», «Еңселі ақынның есті жырлары» атты кітап көрмелерін Таскешу ауыл кітапханасының кітапханашысы А.Абдураманова, Низамабад ауыл кітапханасының кітапханашысы Н.Розакулова көпшілік қауымға таныстырды.

Пікір жазу