Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түркістан » «ТАРИХ БЕТТЕРІНЕ ҮҢІЛСЕК…» ТАҚЫРЫБЫМЕН ТАРИХИ ІС-ШАРАЛАР ТОПТАМАСЫ ӨТТІ

«ТАРИХ БЕТТЕРІНЕ ҮҢІЛСЕК…» ТАҚЫРЫБЫМЕН ТАРИХИ ІС-ШАРАЛАР ТОПТАМАСЫ ӨТТІ

Түркістан қалалық кітапханалар жүйесінің бектіліген жылдық жоспарына сәйкес, қоғамдық маңызы бар «Тарих беттеріне  үңілсек…» топтамасымен жас оқырмандардың қатысуымен бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Іс-шаралар барысында ардагер аға буынның жасаған ерліктері, өмірлік тәжірибесі мол, кейінгі буынға берері көп ардагерлерімізбен кездесулер өткізілді.

Алдыңғы толқынның әрбір өнегелі сөзі, тағылымды еңбектері кейінгі жастарға үлгі, бағдар іспетті. Біздің қоғамымызда ардагерлерге деген құрмет те ерекше. Сонымен қатар үлкеннің ұлағаты мен ізгілікті істері күнделікті өмірімізде көрініс тауып жататыны сүйінішті.

Түркістан қалалық балалар кітапханасында  «Есімде Ауған соғысы» атты кездесу кеші болып өтті.  Кездесу кешіне ардагерлер Досанов Хурарбек, Ауесхан Асылхан,  Шыңғысбаев Нұрлан,  Калхозов Оразбек  қатысты. Кеш Ауған соғысында қаза болған ардагерлерді 1минут үнсіздікпен  еске алумен  бастау алды. Кеш барысында кітапхана оқырмандары Қамбарбек Жанерке және Қамза Әсем жанды дауыста ардагерлер құрметіне ән шырқаса, оқырмандар жыр шумақтарын нақышына келтіре мәнерлеп айтты. Кітапханашы Райхан Сағындыққызы «Ауған ақиқаты» баяндамасын оқыды. Сонымен қатар, «Ардагерлермен сұхбат» айдарында оқырмандарға сұрақ қойып, ардагерлер сұрақтарына жауап беріп, соғыста бастан кешкен оқиғаларымен бөлісіп, жастарға ғибратты әңгімелерін айтты. Кеш соңында балалар кітапханасының меңгерушісі Әлмахан Нұргүл ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, алғыс айтты.

Сонымен қатар 3 кітапхана-филиалы «Ауған соғысы — қасірет  соғысы» атты ауған ардагерлерімен кездесу кеші,  №8 кітапхана-филиалы «Ауғанстан жүректегі жара» атты кітап көрмесі, №11 кітапхана-филиалы  «Ауған асуында от кешкендер»  атты тарихи-танымдық кеш,  №5 кітапхана-филиалы «Отан үшін от кешкендер» атты кездесу кеші, №1 кітапхана-филиалы  «Қасірет пен ерлік» атты дөңгелек үстел,  №9 кітапхана-филиалы «Ауған соғысы жүректегі жара» атты тарихи сағат,  №6 кітапхана-филиалы   «Ел азаттығын аңсаған арыстар» атты тарихи кеш ұйымдастырылды.

Түркістан қалалық орталық кітапхана және Түркістан қалалық «Жастар ресурстық» орталығымен бірлесе отырып, «Жеңіс» саябағында «Ауғанның асуында от кешкендер» атты тақырыпта ескерткішке тағзым шарасы болып өтті. Шара барысында «Жастар ресурстық» орталығының бас маманы, орталық кітапхананың тұрақты оқырмандары Қаныбек Тұрарбек пен Халықаралық қазақ  — түрік университетінің 1 курс студенті Балқожа Шұғыла Ауған ардагерлеріне «Ауғанның отты жалыны», «Ауғанда шейіт болғандар»  атты  жыр шумақ өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Мақсаты  тәуелсіздік  жолында күрескен аға — апаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, оқырмандарды ұлтжандылыққа, елжандылыққа, Отансүйгіштікке, Отанын сүюге тәрбиелеу.

Түркістан қалалық орталық кітапхананың оқу залында «Ауған соғысы – қасірет соғысы» атты Ауған ардагерлерімен кездесу кеші болып өтті. Кешке Ауған соғысының ардагерлері Сапарбаев Ораз, Смайлов Асан, Қарабалаев Әлібай, Байменов Сырлыхан қатысты. Ауған соғысының куәгерлері басынан  кешкен оқиғаларымен бөлісіп, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді.  Іс-шара барысында ұстаз, ақын, сазгер Қаламқас Өтеуова ардагерлер құрметіне өзінің «Батырлары ауғанның», «Тірісіңдер құрбандар» әндерін орындаса, шәкірттері Алпыс Дінмұххамед, Қаныбек Нұрислам «Ана», «Абзал ана» әндерін тарту етті. Кітапхананың тұрақты оқырмандары ардагер ағаларымызға арналған жыр шумақтарын тарту етті. Кеш барысында №27 мектептің тарих пәнінің ұстазы Исмахамбетова Гүлнәр мен Халықаралық Қазақ –Түрік Университетінің 4 курс студенті Балтабай Нұржан Ауған соғысының кезеңдеріне шолу жасап өтті. Кеш соңында Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Малдыбекова Күлзада Жұмағұлқызы кешті қорытындылап, оқырмандарды алғыс хатпен марапаттады. Кеш соңында қонақтар мен оқырмандар «Ауғанның отты жылдарында» атты кітап көрмесімен танысты.

Қалалық орталық кітапхана мен Түркістан көпсалалы қолөнер колледжімен бірлесе отырып «Ерлік ерге серт» атты елжандылық кеші болып өтті. Мақсаты жастарға Ұлы Отанды сүюге, ерлік көрсеткен батырлардың бойындағы ержүректілік, отансүйгіштік, елжандылық, патриоттық қасиеттерін дәріптеу, Отанын, елін қорғай білуге тәрбиелеу. Кешке Түркістан көпсалалы қолөнер колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Абдуллаев Өркен қатысты.

Сонымен қатар, балалар кітапханасы «Біз Отанның болашақ ұланымыз!» атты тәрбие сағаты,  №11 кітапхана-филиалы «Егеменді ел қорғаны – Қарулы күштер» атты танымдық сағаты, №6 кітапхана-филиалы «Ел қорғаны — жас сарбаз» атты жыр кеші  өткізілді.

Қалалық балалар кітапханасы «Мәңгілік тағзым саған, Ұлы Жеңіс!» атты тақырыпта ескерткішке тағзым «Жеңіс» саябағында болып өтті. Мақсаты жастарды батырларымыздың ерліктерін жастарға кеңінен насихаттау, адамгершілікке, Отанын сүюге, оны қорғауға баулу. Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, оларға патриоттық тәрбие бере отырып, өз елін, жерін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу.

Сонымен қатар, Жас ұрпақты тарихымызды тереңінен тануға, білуге, Жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге тәрбиелеу мақсатында орталық кітапхана мен №6 кітапхана-филиалы «Өшпес ерлік — бүгінгі ұрпақ жадында» атты ардагерлермен кездесу кеші, балалар кітапханасы «Желбірей бер,  Жеңіс туы!» елжандылық кеші, №1,2 кітапхана-филиалдары «Ерлер есімі мәңгі ұмытылмайды» атты өнегелі бір сағат, №5 кітапхана-филиалы «Ұрпақтар ұмытпайтын ұлы Жеңіс!» атты тыл ардагерімен кездесу кеші, №7 кітапхана –филиалы «Ел қорғаған ерлерім мен мақтанам!» атты тәрбиелік сағат болып өтті.

18 қазан күні №9 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен Мәншүк Мәметова  мектебінің кітапханасында  Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай  «Ұрпаққа үлгі болған ерлік» атты кітап көрмесі болып өтті.  Іс шара барысында осыдан 100 жыл бұрын  аты аңызға айналған пулеметші, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған алғашқы қазақ қызы Мәншүк Мәметова дүниеге келгендігі және халқына көрсеткен ерлігі насихатталды.

Қазақ елінің үш ғасыр бойы жаушылықтан, басқыншылықтан көрген азабынан Кеңес дәуірінде де, коммунистік қоғамда да бастан кешкен тауқыметі аз болған жоқ. Ұжымдастыру саясатымен, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен малға бай өлкеге Кеңес өкіметі қырғидай тиді. Пайдасы болмаса, өзгеге зияны тимеген бай қазақтардың малдарын санап тұрып, құжаттап кәмпескеледі. Үлгергені, жолын тапқаны шетел асты. Біразы жолда опат болды. Қалған қазақтардың үйіндегі азық-түлігіне, бір-екі малына дейін тартып алды. Арқадан азып-тозып «ақтабан шұбырынды» болып, өліп-талып Сыр бойына жеткен қазақтар жөнінде бір татар ғалымы айтқан екен: «Егер Сыр бойының қамысы болмағанда, қазақтан тұқым қалмауы мүмкін еді» деп.

Халқымыздың басына түскен нәубет алақандай аудан Түркістанды да айналып өтпеген. Алаштың арыстан жүректі асылдарының бірі Сұлтанбек Қожановтың «Түркістаннан хат» деп жоғарыға арнап жазған мақаласына көз жүгіртейік. «Түркістан ауданы қазақтарының жайы күн сайын төмендеп, осы кезде тым-ақ жаман күн кешіп тұр. Жұрт харап болуға айналды. Көшелерде шұбырып жүрген аш қазақ. Екінің бірінің аштықтан көзі іскен. Ана жерде де, мына жерде де аштан өліп жатқан адам. Осы кезде өлікті жинап алуға да шама келмей жатыр. Бұл бетпен кете берсе, Түркістанда қазақтан тұқым, ұрпақ қалуына көз жетпейді».

Ашаршылықтың үстіне қазақ халқын қынадай қырған Кеңестік саяси қуғын-сүргін болды. «1939 жылғы санақ қорытындысы бойынша ұжымдастыру мен репрессияның нәубетінен КСРО-ның 10 млн. адамын жалмап кетсе, оның төрттен бірі Қазақстанның үлесіне тиді». 1937-1938 жылдары Түркістан ауданы бойынша репрессияға ұшырап сотталғандардың саны 100-ден асса, солардың 80 пайызы түркістандықтар. 2-3 пайызы ғана 1-2 жылда ақталса, қалғандары 1958 жылы ғана ақталды. Қуғын-сүргін 1939 жылы КСРО-ның 10 адамын жалмаса, оның төрттен бірі Қазақстанның үлесіне тиді.

Нәубетті жылдардың зардабын тартқан халық жайында ақпарат бере отырып, ащы шындық бүгінге дейін бұрмаланып келгенін, десе де тәуелсіздік алған жылдан бері алаш азаматтарының ерен еңбектері мен маңызды құжаттары айшықталып, ақиқаттың көзі әлі де ашылып жатқанын айтты.

Осы орайла, қалалық орталық кітапхана мен Н.Төреқұлов атындағы музейімен бірлесе отырып, «Нәубет жылдардың шежіресі» атты тақырыпта оқырмандар арасында өнеге кеші болып өтті. Шараның мақсаты – Азаттық жолында және ашаршылық қасіретінен, құрбан болған бабаларымызды еске алу, рухына тағзым ету. Патриоттық сезімнің де үлкен бір белгісі ретінде тарихымыздағы осындай ақтандақтарымызды біздің жастарымыз, жас ұрпақ білсе екен дейміз. Өнегелі іс арқылы өскелең ұрпақтың санасына, бойына отансүйгіштік, елжандылық һәм ұлтжандылық қасиеттерді сіңіру. Іс –шара барысында  қалалық орталық кітапхананың оқырманы Құрманбай Мерей  мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановқа  өз арнауын мәнерлеп, жатқа оқыды.

Сонымен қатар,  сырға толы тарихымыздың қойнауына тереңірек үңіліп, құжаттарды зерттеу, ұзақ жылдар бойы үнсіз жатқан тарихи құндылықтарды жарыққа шығару, оқырмандар бойындағы отансүйгіштік қасиетті арттыру және репрессия құрбандары болған қазақ зиялы азаматтарын еске алу мақсатында барлық кітапханалар «Зұлмат жылдар қасіреті», «Жазықсыз жапа шеккендер», «Зұлмат жылдар зобалаңы», «Зұлмат жылдар елесі», «Алаштың ардақтылары» тақырыбында тарихи кеш, кітап көрмелері, өнеге сағаты,танымдық сағаттары ұйымдастырылды.

Пікір жазу