Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ҚҰРЫЛЫС ПЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҮЙЛЕСІМДІ АТҚАРЫЛУЫ ТИІС»

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ҚҰРЫЛЫС ПЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҮЙЛЕСІМДІ АТҚАРЫЛУЫ ТИІС»

Түркістандағы жаңа тұрғын үй кешендері мен жаңа нысандардың құрылысы бір сәтке де тоқтамауы керек. Ол үшін облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі.
Атап айтқанда, инфрақұрылым, құжаттандыру мәселелері назарда болады. Шаһардағы құрылыс нысандарын кезекті рет аралаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды мердігерлермен кездесіп, жұмыстарды ширатуды тапсырды. Әр нысанның жұмыс барысын бақылап, кестеден кешікпеуін қадағалады.
– Құрылыс барысында кездесетін кедергілерді айтыңыздар. Саралап, әкімдікке тиісті мәселелерін жедел шешуге әзірміз. Тұрғын үй құрылысы өз уақытында аяқталғаны жөн. Өйткені абаттандыру жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуі керек. Құрылыс пен абатандыру жұмыстары үйлесімді атқарылуы тиіс, – деген Дархан Сатыбалды әрбір нысандағы жауапты мердігермен сөйлесті. Отандық құрылыс материалдарына басымдық беруді тапсырды.
Өңір басшысы «Turan» футбол академиясының құрылыс барысымен танысты. Облыс футболын дамытып қана қоймай, республикалық деңгейде оқу-жаттығу орталығына айналатын бұл нысан жеке инвестор есебінен салынып жатыр. 10 футбол алаңы, 300 орындық қонақүйі бар. Футбол алаңдары іске қосылуға дайын. Жалпы жоба 2024 жылы толық жүзеге асады деп жоспарланған. Дегенмен инфрақұрылымы реттелсе, жоба ертерек аяқталуы мүмкін. Облыс әкімі инфрақұрылым мәселесін реттеуді тапсырды.
Бүгінде облыс орталығында жеке инвесторлар есебінен салынған тұрғын үйлер саны артқан. Өңір басшысы солардың бірқатарына барды. Атап айтсақ, «Feb Turkestan», «Yassy Green House», «Park View Residence», «DEL&Invet» және өзге де компаниялар салған тұрғын үй кешендерін аралап көрді. Түрлі сәулет үлгісінде салынған үш қабатты үйлер және коттедждер Түркістанның ажарын аша түспек. Облыс әкімі әрбір үйдің құрылысы талапқа сай болуын ескертті. Бүгінде шаһарда бірнеше тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Олардың біразы қазан айында тапсырылса, бірнеше тұрғын үй кешені жыл соңына дейін иелелеріне берілмек.

Пікір жазу