Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДАҒЫ ӘБДІСАЛАН НҰРМАХАНОВ АТЫНДАҒЫ СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕРІ

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ӘБДІСАЛАН НҰРМАХАНОВ АТЫНДАҒЫ СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕРІ

Қазақтың даңқты боксшысы, кезінде бокстан ұлттық құраманың бас бапкері болған жерлесіміз Әбдісалан Нұрмахановты спорт сүйер қауым жақсы біледі. Атланта олимпиада ойындарында қазақстандық боксшыларды басқарып, бес медаль жеңіп алғаны тарихтан белгілі. Әбдісалан Нұрмахановты «Қазақтың қара нары» деп атайды.
Бүгінде киелі Түркістанда талантты жас саңлақтардың ордасына айналған Түркістан облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі қазір жетістіктерімен өңірімізде көш бастауда.
Республикамызға танымал қазақтың дара спортшысы болған әрі елімізде бокстың әлемдік деңгейде дамуына үлесін қосқан түркістандық Әбдісалан Нұрмахановтың есімімен аталатын бұл спорт мекемесінде олимпиадалық бағдарламаға енген спорт түрлері дамытылуда. Атап айтқанда, бокс, дзюдо және самбо күресі, таеквондо, еркін және грек рим, көркем гимнастика батуттық гимнастика бөлімдерінде жастар кәсіби спортпен шұғылданады.
Спорт мектебінің директоры, білікті басшы Дәурен Тәңірбергеновтің айтуынша, жеңіске деген күш-жігерлері мықты шәкірттерімізді жеңістерге бастау үшін жыл сайын игілікті істер атқарылуда. Еліміздің мерейін үстем ету жолында түркістандықтар талай ғаламат жеңістерге жетіп, Қазақстанның спортының дамуына елеулі үлестерін қосып келеді.
Қазір Түркістан облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде -1137 шәкірт тәрбиеленуде. Мұнда алғашқы даярлық тобында 34 , оқу жаттығу тобы 62 болса, бұдан өзге республикамызға танымал спорт мектебінде 82 білікті бапкер қызмет атқарады. Барлығы 17 спорт түрі кәсіби тұрғыда дамытылуда. Мұнда ҚР спорт шеберлігіне үміткерлер саңлақтар саны — 133 болса, ҚР спорт шебері -18, сонымен қатар ХД спорт шебері-3.
Дарынды саңлақтарымыздың арасында шоқтығы биік талантты дзюдошы Дидар Хамза Ә.Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің шәкірті. Түркістандық балуан Моңғолияның астанасы Улан-Батор қаласында өткен «Гран Слам» турнирінің қола жүлдегері, қатарынан Рио мен Токио олимпиада ойындарына қатысып, шеберлігін шыңдады. Сонымен қатар, Астана қаласында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері болғанын жанкүйерлері жақсы біледі. Бұл оның жеңісінің бір парасы.
Сонымен қатар, самбодан Қазақстанның он бір дүркін чемпионы және Азияның бес дүркін жеңімпазы әлемнің үш дүркін күміс жүлдегері Айжан Жылқыбаева — еліміздің спорт мектебінің түлегі. Самбошы қыз 2017 жылы Түркіменстанның астанасы Ашхабад қаласында жабық кешенде өткен V жазғы Азия ойындарында алтыннан алқа тақса, 2018 жылы Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткізілген XVIII жазғы Азия ойындары кезінде ел қоржынын қола медальмен толықтырды. Самбодан ҚР спорт шебері. Талантты спортшы қыз қазіргі таңда киелі мекен Түркістан облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет атқаруда. 2022 жылы «Түркістан барысы» атанған Бибарыс Әбдіғани, әйелдер күресінен жастар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы Нулифар Раимова мен самба және дзюдо күрестерінен әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегерлері Айдар Арапов та — Қазақстанның мақтаныштары.
Азия ойындарының қола жүлдегері және бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы, талантты таеквондошы Нұрлан Мырзабаев пен рингтің төрінде атой салып келе жатқан талантты былғары қолғап шебері, бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі, түркістандық боксшы Бек Нұрмахамбет те – тәуелсіз еліміздің атақ-даңқын бүкіләлемге танытып келеді.
Сонымен бірге, қазіргі таңда қазақ халқымыздың «Қара нары» атанған дара тұлға Әбдісалан Нұрмахановтың есімімен аталатын бұл спорт мектебінде мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірімізде бұқаралық спортты дамытуда, балалар мен жасөспірімдер арасында спорттың салтанат құруы жолында тындырымды тірліктер атқарылуда. Бұдан өзге мұнда олимпиадалық бағдарламаға енбеген спорт түрлері Азия құрлығы елдерінде қарқынды дамыған ушу-санда, муайтай, джиу-джитсу және греппинг, белбеу күресі, панкратион спорт түрлері де қатар дамуда.
Айталық, 2022 жылдың 11 ай қорытындысы бойынша шәкірттер облыс чемпионаттарындағы жетістіктері 1-орын- 37, күміс жүлде -23 және 34 қола медаль бар. Бұдан бөлек талантты ізбасарлар ҚР чемпионаттары мен кубоктарда да жарқын жетістіктерге жетіп, 55 алтын медаль және 39-күміс, 66- қола жүлде еншілеген. Түркістандықтар Азия чемпионаттары мен түрлі кубоктарда да жеңіске жетті.Нақты айтқанда, 2-алтын, 4-күміс және 9- қола медаль иеленді. Мектептің дарынды шәкірттері сонымен бірге Әлем чемпионаттарында 10 алтын медаль мен 13-күміс, 10-қола медаль ел қоржынына салды. Республикалық турнирлерде жерлестеріміз 7- алтын, 6-күміс және 4- қола иеленді. Әлемдік деңгейде өткен түрлі халықаралық турнирлерде ізбасарлар 9-алтын, 11-күміс пен 14 қола жүлде жеңіп туған елге оралды.

Пікір жазу