Басты бет » Көкейтесті » ҰЛТ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

ҰЛТ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Жолдау және мәдениет

Қазақстанда мәдениет саясаты Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.

Алдымен еліміз жайлы жалпы айтатын болсақ, әлемдік қауымдастықта жауапты әрі сенімді серіктес ретінде танылған Қазақ елі мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың дамуына, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, мәдениетаралық және конфессияаралық байланыстарды орнықтыруға барынша қолдау көрсетіп келеді.

Қазіргі таңда біздің елімізді мекен ететін және біртұтас Қазақстан халқын құрайтын барлық этностар өкілдерінің толеранттылығын, конфессияаралық және мәдениетаралық келісімін қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті саясатымыз әлемге кеңінен танылды.

Мәдениет турасына келсек, Қазақ халқының ғасырдан ғасыр асырған құнды ескерткіштері мен тарихи мұрағаттары — тек қазақ ұлтының ғана емес, әлем мәдениетіне үлес қосушы жәдігерлер. Соның дәлеліндей, қазақ халқының іргелі тарихи ескерткіштері халықаралық деңгейде танылып келеді. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Бұл олардың Қазақстан мен Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығы үшін маңызы зор мәдени-тарихи нысан екендігінің бірден-бір айғағы.

Еліміз тәуелсіздік алғалы қол артқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістік пен мемлекеттілікті баянды етпекке тек материалдық игілікті ғана мансұқ ету жеткіліксіз.

Бүгінде өз тамыры мен өткеніне, ана тіліне, ата дініне, діліне әлемнің біраз мемлекеті бет бұра бастады. Оның жолын әркім өзінше танып, өзінше бағамдауда.

Әрбір мемлекеттің өркениеттілігін оның мәдени мұраға деген көзқарасына қарай танып, бағамдауға болатыны анық. Демек, Қазақстанның мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатына екі түрлі міндет жүктеледі:

бірі – өзіндік этникалық мәдениетті дамыту мен қолдауға бағытталған шаралар кешенін нығайту;

екіншісі – төл мәдениетті оңтайлы өрістете отырып, әлемдік мәдени кеңістікке ену үшін тиімді жағдай жасау.

Соның бір дәлеліндей, Елбасы бастамасымен ұлттың рухани байлығы мен тарихын танытуды қолға алған 2004 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасы түзілісі – бөлек, мақсаты – ерек, аясы – ауқымды жоба болды. Мәдениеттанушылар мен ғалымдар бұл жобаны еліміздің кешегісі мен келешегін хаттап, әншейін тізбелеп қоя салар кезекті шара емес, ғаламдық маңызы зор, демек, қазақ мәдениетінің әлемдік мәдениетте таласы бар екендігін танытатын құбылыс болғандығы туралы салмақты пікірлер айтты.

Әлемдік мәдениет пен ғылымның, философия мен әдебиеттің ең үздік үлгілерінің қазақ тілінде жарық көруі және халқымыздың бай мұрасы мен жетістіктерін басқа тілдерге аудару – ұлтымыздың рухани мұрасын бірте-бірте әлем жұртшылығына таныту болып табылады. Бұл туралы Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында – «…Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі — ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт», – деп дөп басып айтқан болатын. Бұл Елбасының төл мәдениетіміздің әлемдік мәдени кеңістікке кірігу мақсатындағы тек мамандарға ғана емес, бүкіл еліміздің алдына қойған басты міндеттерінің бірі.

Басты бағыттар

Биылғы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өндірістік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы бұған дейінгі жарияланған Жолдаулармен мақсаты бір, идеясы терең, сабақтастық қағидаттарын ұстанған өзекті құжат болып отыр. Осы орайда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі Елбасының жылсайынғы Жолдауларындағы көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін өзіндік үлесін қосуда. Мәселен, жаңа технологияларды жұмыс барысына енгізу үшін бірқатар шаруа атқарылуда.

Біріншіден, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі аумағында орналасқан барлық ескеткіштерге штрих-кодтар орнатылды. Осы штрих-код арқылы келуші туристер ескерткіш туралы қажетті мағлұматтарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ала алады. Ал осы жерде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі құрамына «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Рабия Сұлтан бегім» кесенесі, Есім хан кесенесі, Қылует жерасты мешіті, шығыс моншасы, Үкаша ата мазары мен құдығы, Гаухар ана кесенесі, Сауран қалашығы кіретінін еске сала кеткенді жөн деп ойлаймын.

Екіншіден, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі құрамына кіретін ескерткіштер бойынша 3D-тур виртуальды жобасы әзірленіп, іске қосылды. Яғни, қай елдің азаматы болмасын қорық-музей сайтынан әлемнің төрт бұрышынан интернет жүйесі арқылы жоғарыда айтылған 3D-тур арқылы қорық-музей ескерткіштері туралы толықтай ақпарат алуға, ішін аралап көруге мүмкіндігі бар.

Үшіншіден, «Қожа Ахмет Ясауи қорық-музейінде жерленген хандар, сұлтандар, батырлар және билердің тізімінің электронды форматы әзірленді. Оған ақпараттық киоск орнату арқылы қол жеткізіліп отыр. Бұған дейін аталған тізім жай ғана тақтайшаға жазылып келген. Қандай да бір қате кеткен жағдайда тізімді басынан бастап толықтай қайта жазу қажет болатын. Бұл біршама қыйындықтар туғызатын. Енді осы тізімге, сондай-ақ жерленген тұлғаларға қатысты азаматтардың қандай да бір ұсынысы болып жатса, оны компьютер арқылы түзеу оңайға түсіп отыр. Сондай-ақ, осы ақпараттық киоскіге жерленген игі-жақсылардың қысқаша өмірбаяны, олардың тарихтағы алған орны, басқа да тиісті ақпарат енгізілген.

Төртінші, келушілерді қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету үшін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің офистік ғимаратының қабырғасына және билет сататын касса ғимаратына «жүгіртпе жол» орнатылды. Қазіргі таңда осы «жүгіртпе жол» арқылы қорық-музейдің жұмыс істеу кестесі, өткізілетін іс-шаралар туралы ақпарат келушілерге ұсынылып отыр.

Жоғарыда аталған цифрлық форматтағы қызмет көрсету түрлері Елбасының басты құжаттарында белгіленген міндеттерді орындау мақсатында қолға алынып отырған игі шара.

Түркістан және туризм

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК-на 2017 жылдың 12 айында келушілердің жалпы саны 1 090 755 (бір миллион тоқсан мың жеті жүз елу бес) адамды құрады. Оның ішінде, музейге ақылы негізде келген қонақтар 350 721 (үш жүз елу мың жеті жүз жиырма бір) адам, шет елдіктер 18 345 (он сегіз мың үш жүз қырық бес) адам. Көрме, іс-шараларға келген қонақтар саны 109 179 (бір жүз тоғыз мың бір жүз жетпіс тоғыз) адам, Үкаша ата кесенесіне келген қонақтар саны 221 268 (екі жүз жиырма бір мың екі жүз алпыс сегіз) адам, Жүсіп ата кесенесіне келген қонақтар саны 981 (тоғыз жүз сексен бір) адам, Гаухар ана кесенесіне келген қонақтар саны 204 298 (екі жүз төрт мың екі жүз тоқсан сегіз) адам, Сауран қалашығына келген қонақтар саны 115 879 (бір жүз он бес мың сегіз жүз жетпіс тоғыз) адам. 2016 жылмен салыстырғанда қорық-музейге келушілердің саны 7 пайызға өскен. Алдағы уақытта осы межені түсірмей, қайта туристер санын көбейтуге күш саламыз.

Туристерді тарту үшін Әзірет Сұлтан кәсіпорнының интернет жүйесіндегі сайтында тиісті материалдар үш тілде орналастырылған. Сонымен қатар, Әзірет Сұлтан мекемесіне қарасты мәдени ескерткіштерімізге байланысты үш тілде кітапшалар шығаруды, туристік агенттіктермен бірлесіп жұмыс жасауды күн тәртібіне қосып отырмыз.

Сауран қалашығында да археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы мәдени объектіні туристік айналымға қосу үшін келушілерге қызмет көрсететін орталық ашамыз. Ол орталық қазақтың этноауыл стилінде құрылып, онда музей мамандары, экскурсоводтар отыратын, қазақтың қол өнер бұйымдарын, ұлттық тағамдарын көрсететін киіз үйлер тұрғызылады.

Иә, кезінде еліміздегі музейлерге кіру тегін болған. Алайда соңғы жылдары Үкімет тарапынан тиісті шешімдер қабылданып, музейлерге кіру ақылы түрде жүзеге асатын болды. Бұл жерде айта кететін бір жәйт, яғни оқушыларға каникул кездерінде және барлық келушілерге әр айдың үшінші жексенбісінде кіру тегін деп бекітілді. Ал ақылы негізге көшірудің себебі – музейлер өзінің материалды-техникалық базасын нығайту, коммуналды және басқа да шығындарын өтеу үшін ақылы қызмет көрсету арқылы қаржы табуы керек. Бұл әлемдегі экономикалық дағдарыс жағдайында мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсірмеу, сонымен қатар, музейлерді өз қаражаты есебінен күнелтуге (дағдыландыру мақсатында) ынталандыру мақсатында істелініп отырған экономикалық амал. Шетел музейлері барлығы дерлік өз қаражаты есебінен күнелтіп отырғандығы баршамызға мәлім. Бізде осы тұрғыда жұмыс жасауымыз керек.

«Күлтөбеде күнде жиын» бола ма?

«Күлтөбе» қалашығы (І мың жылдық ортасы – ХІV ғ.) «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ескерткіштер тізіміндегі Республикалық маңызы бар ескерткіш және Қазақстандағы көне қала орны. Қалашық Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 м жерде орналасқан, сопақша келген, биіктігі 9 м, аумағы 150х120 м ауқымды төбешік.

Күлтөбе қалашығының цитаделінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмысы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бері Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бақылауында (Б.Ә.Байтанаев) және сол институттың білікті мамандарының (Е.Ә.Смағұлов, А.О.Ержігітова) күшімен іске асырылуда.

Осы жылдар ішінде І-ІІІ ғғ. салынған төрт жапырақты гүлге ұқсас сирек кездесетін ғибадатхана (әлде кешік) қосалқы құрылысымен, дәліздерімен, ауласымен және оңтүстік бетін қоршаған қорған қамалымен аршылды.

Өткен жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі металлоконструкция үстін қайта жабуға шешім қабылдады. Қазіргі күні сәулетшілер тобы оның жобасын дайындау үстінде. Осы екі аралықта қазбадан табылған және табылып жатқан біздің заманымыздың І-ІІІғғ., ІV-VІғғ. және VІІ-ІХғғ. жататын құрылыстар жауын-шашын әсерінен езіліп кетпес үшін үстін уақытша арнайы поливинилхлоридтен резина араластырылып жасалған көп қабатты жабын материалымен және соңғы қазба жұмыстары барысында қалашықтың оңтүстік-шығыс бөлігінен аршылған ортағасырлық қала құрылыс орындарын да уақытша профнастильмен жауып қоюға шешім қабылданды. Бұл біреулердің байбаламдап жүрген «баннермен жауып тастаған» дегенінен мүлде бөлек дүние. Мұнымен тікелей «Қазқайтажаңғырту» Республикалық мемлекеттік кәсіпорыны Алматы филиалының мамандары айналысты. Цитадельді толық аршып, реставрациялап, сондай-ақ, консервациядан өткізу, төбесін ұзақ жылдарға шыдайтын жабынмен жауып, туристер жүретін трап жолдар жүргізіп, ашық аспан астындағы музейге айналдыру – алдағы уақыттың басты міндеттерінің бірі болып саналады.

Құнды ескерткіштің бүгіні мен ертеңі

Биылғы 2018 жыл Астананың 20 жылдығымен атаулы жыл болып отыр. Сондай-ақ, осы жылы Өзбекстанның Қазақстандағы жылы. Осы екі басты оқиғаларға сәйкес «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі үстіміздегі жылы бірқатар маңызды мәдени іс-шараларды қолға алды. Осы орайда, бірқатар іс-шаралар басталып та кетті. Атап айтсақ, осы жылдың қаңтар айында қорық-музей кітапханасы музейге тарту акциясы аясында 300 кітаппен толықты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын талқылауға арналған ұжымдық жиын өтті.

Сонымен қатар, «Түркістанның ортағасырлық тарихы» тақырыбындағы лекция-көрме, Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай «Бірлігі жарасқан Ел» тақырыбындағы лекция, Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы аясында балабақшалар бүлдіршіндеріне, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына құран бағыштаған бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының келуіне арналған экскурсиялар ұйымдастырылып, «Музей қорындағы құнды қолжазбалар», «Тарихы терең Түркістан» тақырыбындағы лекция-көрмелер, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары жəне кітапхана қызметкерлерімен арнайы кездесу, «Ырысы тасыған ыдыстар» тақырыбында көрме өткізілді. Осы жоғарыда аталған іс-шараларға 800-ден астам адам тартылып, іс-шаралар саны 15-ті, көрмелер саны 8-ді құрап отыр.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласына орай «Қожа Ахмет Ясауидің 70 хикметі» кітабы латын әліпбиіне және орыс тіліне аударылып баспаға тапсырылды.

Құнды ескерткіштеріміз бен Түркістанда жерленген хандардың, батырлардың, би-сұлтандар мен игі жақсылардың ел үшін сіңірген елеулі ерліктері мен үлесін, тарихтағы орнын насихаттау, оны ұрпақ санасына сіңіру үшін әлеуметтік желілерде тиісті ғылыми-танымдық мақалалар жарияланып тұрады.

«Тазалық – денсаулық кепілі», – деп атамыз қазақ бекер айтпаса керек. Осы тұрғыда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің дәретханасы күрделі жөндеуден өткізілді. Оған демеушілерден түскен қаржы жұмсалды. Дәретхана ішінен шариғат талабына сәйкес арнайы дәрет алатын орын дайындалды. Дәретхана жыл бойы келушілерге қызмет көрсетуі үшін оның ішіне жылытқыш қондырғылары орнатылды.

Алдағы уақытта ең әуелі Ұлы дала елінің елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай көрмелер, әр түрлі форматтағы мәдени іс-шаралар, Өзбекстанның Қазақстандағы жылына орай өзбек елінің музейлерімен қарым-қатынас ұйымдастырып, кездесу, тәжірибе алмасу, көрмелер өткізуді жоспарлап отырмыз.

Рухани жаңғыру бағытында

Енді баршаға мәлім, «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы бойынша «Қасиетті Қазақстан» орталығымен 100 киелі жердің республикалық тізімі жасалынды. Аталған республикалық тізімге «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бірқатар объектілері енді. Олардың ішінде «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Рабия Сұлтан бегім» кесенесі, Есім хан кесенесі, Қылует жерасты мешіті, Күлтөбе, Жылаған ата, Үкаша ата мазары мен құдығы, Гаухар ана кесенесі, Сауран қалашықтары бар. Сондай-ақ, осы тізімге Қожа Ахмет Ясауидің анасы Қарашаш ана мен әкесі Ибраһим атаның мазарлары да енгенін айтқым келеді. Ендігі басты міндет – киелі жерлерімізді кеңінен насихаттап, туристерді тарту.

Биыл «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыру үшін көшпелі көрме, экспедиция ұйымдастыруды көздеп отырмыз.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру мақсатында Өзбекстан, Франция елдерінде көрме ұйымдастыруда жоспарда бар. Сондай-ақ, Түркия мемлекетіндегі Қожа Ахмет Ясауи атындағы қорлар, ғылыми мекемелермен байланыс орнатуды алға қойып отырмыз.

Биыл «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің құрылғанына 40 жыл толады. Әрине, осы төл мерекемізді де лайықты түрде атап өтеміз.

Атқарылған жұмыс аз емес, ал атқарылатын жұмыс одан да көп. Келешек жоспар – Елбасының Жолдауында көрсетілген міндеттерді, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген жобаларды іске асыра отырып, мәңгілік ел идеясын ұстанған Ұлы дала елінің нұрлы жолдағы мәдениеті мен өнерінің мерейін үстем ету үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қажырлы еңбек ету.

Нұрболат АХМЕТЖАНОВ,
«Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейдің директоры

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*