Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРДЫ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕСІ

ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРДЫ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕСІ

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мен еңбек қатынастарды реттеу мәселелері бойынша жиын болып өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың төрағалығымен болған мәжілісте «Облыс көлемінде кәсіпорындар мен мекемелерде қордаланған жалақы қарызы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы» және «ОҚО бойынша азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және үйлестіруге арналған (жол картасы) іс-шара жоспарын жүзеге асыру туралы» екі мәселе бойынша облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы А.Мамытбеков баяндама жасады.

Сонымен қатар, жалақыдан қарызы бар мекеме басшыларының да уәждері тыңдалды. Аталған мәселе қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр жалақыдан қарызы бар мекемелер басшыларына жұмыскерлердің жалақысын төлеу бойынша тиісті іс-шараларды атқаруды және жалақы қарызын төлеу мәселесін тез арада шешу жолдарын қарастыруды, барлық аудан, қала әкімдеріне және тиісті басқармалар басшыларына жалақы қарызын анықтауды емес оның алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндаған А.Мамытбеков еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған жол картасы бойынша атқарылатын міндеттерді атап өтті.

Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға салық органдарына тіркелу жөнінде хабарламалар тарату, олардың салық органдарына тіркелуі, қарамағындағы жұмыскерлермен еңбек шарттарын түзуі, өз жұмыскерлеріне міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар жасау сынды іс-шара жоспарында жүзге жуық міндеттемелер көрсетілген.

Жиынды қорытындылаған Е.Садыр барлық аудан, қала әкімдеріне және тиісті басқарма басшыларына Жол картасы бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарының уақтылы орындалуын тапсырып, оның қорытындысы бойынша айдың соңында есеп берулерін міндеттеді.

Өз тілшімізден

Пікір жазу