Басты бет » Көкейтесті » АСТАНА – ӨЗ ЕЛІМ, ТҮЛКІБАС – АТАМЕКЕНІМ…

АСТАНА – ӨЗ ЕЛІМ, ТҮЛКІБАС – АТАМЕКЕНІМ…

Өткен аптаның қасиетті жұмасы күні аудандық Мәдениет үйінде Елбасымыз Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы аясында “Туған жер”, абат қала Астананың 20 жылдығына орай “Астана — өз елім”, Түлкібас ауданының 90 жылдығына орай “Түлкібас ата мекенім” атты көрме ұйымдастырылды. Онда Майлыкент ауылдық округі аумағында тұратын қол өнер шеберлерінің туындыларын осында жиналғандар тамашалап көрді. Әділ қазылар алқасы өз бағаларын берді. Одан әрі “Астана өз елім — Түлкібас атамекенім” атты өнер фестивалін ауданда бірінші рет Майлыкент ауылдық округінің көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны көруге Мәдениет сарайының көрермендер залына жиналды. Іс-шараға аудан әкімі Н.Тұрашбеков қатысты. Сахнаға орнатылған “ЛЕД” экранынан Майлыкент ауылдық округі туралы бейне-ролик көрсетілді. Концерттік бағдарлама флешмоб домбырашылар орындауындағы “Тойбастар” күйімен ашылды.

Ел қонып, ен жайлаған ұл менен қыз,
Бәріңе сәлем жолдап жүректен біз
Тәтті күй асқақ ән мен әсем биді,
Майлыкенттен тарту етіп келіп тұрмыз.

Қашан көрсең көкпеңбек, қандай көркем,
Жеміс ағаш орманы, өскен өркен.
Табиғаты ғажайып, қай жер десең,
Бұл менің Түлкібасым туған өлкем! — деген жүргізушінің сөзінен соң, Майлыкент ауылдық округінің әкімі Келесбек Жартыбаев құттықтау сөз сөйлеп, өз округінде атқарылып жатқан жұмыстары жайлы баяндап өтті. Фестиваль аясында Түлкібас ауданының құрылғанына 90 жыл, “Астана — өз елім”, “Түлкібас ата — мекенім” тақырыбында келелі әңгімелер айтылып, қоғамымыздағы мәдени-рухани, тарихи деректер кеңінен келтірілді. Негізінен ауыл округі өнерпаздарының концерттік бағдарламасынан тұратын фестивальді тамашалап, олардың әділ бағаларын беру аудан әкімінің орынбасары М.Жанесенге, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту жөніндегі бөлімнің басшысы А.Айтбаева бастаған әділ қазылар алқасына да онша қиындық туғызған жоқ. Осылайша аудан көлемінде алғаш рет өтіп отырған “Астана өз елім — Түлкібас ата мекенім” атты аудандық өнер фестивалі Майлыкент ауылдық округінде өз дәрежесінде өтіп, осында көптеп жиналған көрермен қауымға ерекше көтеріңкі көңіл сыйлады. Енді мұндай өнер фестивалі ауданымыздағы өзге де округтерде өз жалғасын табатын болады.

Орынтай КӨМЕКОВ

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*