Басты бет » Көкейтесті » ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АДАМДАРДЫҢ БАСТЫ ҚАҒИДАТЫ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АДАМДАРДЫҢ БАСТЫ ҚАҒИДАТЫ

Қадірлі достар!

Кеше «Ratel» сайтында жарияланған менің атыма байланысты негізсіз айыптаған материалға орай өз ойымды білдіруді жөн санаймын.

Біріншіден, облыстық ішкі саясат басқармасы баспасөз қызметіне тікелей бағынышты мекеме емес. Бұл мемлекеттік құрылым жүйесіне орай тиісті басшылармен басқарылады. Сондай-ақ, бұл мекеменің аясындағы ешқандай комиссияға да мүше емеспін. Менде, яғни баспасөз хатшысында мемлекеттік сатып алу жүйесіне ықпал ететіндей құзырет пен құқық жоқ.

Екіншіден, бәріңізге белгілі бүгінде мемлекеттік сатып алу жүйесі түгелдей порталда электрондық тұрғыда жүзеге асатындықтан, оған сырттан араласу мүмкін емес. Құжаты заң талабына сай дайындалған және ең төменгі бағаны ұсынатын өнім берушіні жеңімпаз ретінде порталдың өзі анықтайды. Бұл мемлекеттік сатып алу порталы еліміз бойынша орталықтандырылғандықтан оған Тапсырыс берушінің өзі де араласа алмайтындығы әрбіріңізге белгілі жайт.

Үшіншіден, менің жұбайым кәсіби журналист. Он бес жылдан бері осы салада еңбек етіп, түрлі жобаларды жүргізіп келеді. Қаншама жылдан бері Алматы, Ақтөбе, Астана қалаларындағы түрлі мекемелердің мемлекеттік сатып алуларына жеке кәсіпкер ретінде ашық түрде қатысып, міндетіне алған істі талабына сай орындаған. Сол сияқты өткен жылы ішкі саясат басқармасының конкурсына да электронды түрде қатысып, ең төмен бағаны ұсынғандықтан порталдың жүйесімен жеңімпаз ретінде танылған. Оған менің қатысым жоқ.

Осындай жағдайларға мені орынсыз байланыстырып, негізсіз айыптаған әріптестердің мақсатын түсінбедім. Журналистиканы қарапайым тілшіліктен бастап, редакторлыққа дейінгі жолдан өттім. Баспасөз қызметінде бұрыңғысы және кейінгісі бар 3,5 жылдай жұмыс істеп келе жатқандықтан өңірдегі және республикадағы әріптестерімізбен қашан да тығыз қарым-қатынастамыз. Өзімді атқарушы биліктің ортасындағы ақпарат құралдарының өкілі ретінде сезінетіндіктен, журналистерге үнемі ашық және жанашыр болуға тырысып келемін.

Мамандыққа адалдық, әріптеске құрмет біздің шығармашылық адамдардың басты қағидаты болуы керек деп санаймын.

Бейсен Тәжібаев

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*