Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » САЙРАН САЛҒАН САУАТСЫЗДЫҚ!

САЙРАН САЛҒАН САУАТСЫЗДЫҚ!

Шымкент қаласы әкімдігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасындағы сауаты төмен жазбаларын оқыған сайын: «Қазақ тілі, қайда бара жатырсың?» дегің келеді. Мемлекеттік тілімізді осыншалықты қорлап жіберетіндей жазбаны түсірген мемлекеттік қызметшінің онда не ақысы қалды екен-ай?..

«Шымкентте әлеуметтік бейнероликтер фестивалі өтеді» екен, қажет десеңіз: «Жеңімпаздарға жүлделер беріледі». Иә, бұл бір тың жаңалық болды. Бұған дейін талай фестивальде талай жеңімпазға жүлде берілмей келе жатыр еді, қала әкімдігіне рахмет!..

Қайбір күні «қалалық әкімдікте шығармашылық студия және шымкенттік телеарна басшыларымен кездесу» өткен екен. Байқауымызша, Шымкентте бір ғана «шығармашылық студия» және бір ғана «шымкенттік телеарна» бар екен, фестиваль осы екеуімен өтетін болу керек.

«Жиында көтерілген негізгі сұрақ…» деп тұр. Бұрындары «сұрақ» қойылушы еді, көтерілетін «мәселе» болушы еді, Әйгерім Жұмағұлованың жаңалығы болса керек, сұрақ «көтерілетін» болып жүр. Қайтсын, басқа «көтерілетін» ештеңе қалмаған болуы керек!..

Ал, мына сөйлемдерді қалай түсінсеңіздер де, өздеріңіз білесіздер:

1) «Қысқа метражды фильмдердің адамдарға қаншалықты ой салатындығы, көзқарасын өзгерте алу қауқары және қандай тақырыптардың өзекті екендігі сөз болды».

2) «Әлеуметтік роликтер – тарихты жеткізудің тиімді тәсілі ғана емес, түрлі мәселеде қоғамның көзқарасын өзгерте алатын мүмкіндік».

3) «Мамандардың айтуынша, әлеуметтік роликтердің бағыты – жамандықты көрсету емес, аз ғана қарекетпен жақсылық жасауға болатынын түсіндіру дейді».

САУАТСЫЗДЫҚ САЛҚЫНДАТАР САНАНЫ…

Ендеше, «Жиын соңында қаламызда әлеуметтік роликтер фестивалін ұйымдастыру туралы шешімге келді» дегенді оқып, бұл шешімге кімнің келгені белгісіз күйі қалса да, балаша қуанып отырмыз.

«Байқаудың шарттары мен талаптары, сондай-ақ жүлде қоры кейінірек (бір есімізге түскенде – Ә.Ә.) жарияланады».

Не керек, тапжылмай, «Жаңалық күтіңіздер!»

PS. Айтпақшы, елдегі ең сауатсыз баспасөз хатшысына байқау жариялағанымызды да еске түсіріп қояйық. «Жеңімпаздарға жүлделер беріледі»!..

Ә.Ә.

Пікір жазу