Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » АТА МЕН ӘЖЕ – ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУ БҰЛАҒЫ

АТА МЕН ӘЖЕ – ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУ БҰЛАҒЫ

Отбасы тәрбиесіндегі әдет-ғұрып пен салт-дәстүр ата дәстүр түрінде атадан балаға, әкеден немереге беріліп, бүгінгі күнге де жетті. Адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы, сыйластық, жарастық ортасы да отбасы.

Қазақ халқы, мейлі ол қыз бала, мейлі ұл бала болсын, олардың бойына 12-13 жастан бастап отбасы тәрбиесін сіңіре бастайды. Мұнда отбасының адам баласы үшін өсіп-өркендейтін алтын ұясы, қуаныш ошағы екендігі қарапайым тілмен әдіптеле түсіндіріледі. Сондай-ақ, отбасын сүю, отбасын қадірлеу, отбасына адал болу сияқты тәрбиелерді бере отырып, баланың ата-анасы алдында бас тартуға болмайтын адамдық және азаматтық міндеттерді ерекше ескертеді.

Заманауи ұғымдарға сай отбасы құндылықтарының да жаңаша қағидалары қалыптасып келеді. Бүгінде бір үйлі жаннан құралған толық отбасы ата-анасы, балалары және ата-әжесінің болуымен көрінсе, толық емес отбасы ата-анасының біреуінің ғана болуымен сипатталып жүр.

Қазіргі уақыттағы көпшілікті ойландыратын мә­селелердің бірі де осы «толық емес отбасы» төңірегіндегі ойлар.  «Жалдамалы тәрбиеші» дейміз, тіпті, интернет, телеарна, компьютердегі түрлі фильмдер, атыс-шабыс ойындар балаларымызға қаншалықты теріс тәрбие беріп жатыр? Кезінде атам қазақ ұрпақ тәрбиесін жоғары орынға қойып, өз перзенттерін ағайын-туыс, тіпті, бір қауым ел болып тәрбиелеген емес пе? Ал қазіргі уақытта бала тәрбиесі қай деңгейде?

Осы орайда, «толық емес отбасын» жан-жақты қарастыруға ой салсақ. Соның бірі, перзенттері бола тұра, олардың ата-әжесінің өз ұлдарынан бөлек тұруы. Мұндайда немерелері ата-әжесінің мейірімін толыққанды сезіне алмай жәутеңдеп, бұйығы болып өспей ме? Осы тұрғыдан алғанда «Сіздің отбасыңыздағы ата мен әже, әке мен шеше, бала мен келіннің рөлі қандай?» деген сауал бәрімізді мазалайтыны анық.

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ», деп айтып кетті. Шынында, қазақ әр кезеңде де басынан өткізген тарихи жағдайларға қарамастан, салт-дәстүрлерімізді мұра ретінде қастерлеп, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білді. Ал бүгінде осы асыл құндылықтарымыздың тамыры ажырап барады. Сондықтан да, мына жаһандану заманында ең алдымен ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет.

«Қазақтың айтулы ақыны Мұқағали Мақатаев:

Сақалыңнан айналдым, қарт бабалар
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар», –

деп жырлағандай, қазақ отбасында ұрпағына ұлттық тәрбие беретін ата мен әженің орны қашанда ерекше саналған. Әжелеріміз ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын айтып, немере-шөберелерін рухани жағынан сусындатса, аталарымыз ақ батасын беріп, өсиет-насихаттарын айтып отырған. Мәселен, Балғожа би мен Зередей зерек әжесінің ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын тыңдап, тәрбиесін алып өскен Ыбырай мен Абай аталарымыз да қазақтың ұлы тұлғаларына айналды. Осындай мысалдардан-ақ ата мен әженің тәлімді тәрбиесін алған сіздің балаңыздың да күні ертең еліне елеулі, халқына қалаулы жақсы азамат болмасына кім кепіл?

Ертеректе ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала өте сирек кездескен, сондықтан болар, оларды «көр­генді бала», «тәрбиелі бала» аталатын. Ата-әженің тәр­биесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, рухани тәрбиені ашық көруге болады. Тіпті, қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен әжесі бауырына басып тәрбиелеген. Кейде ол кенже ұлының орнына атасының қарашаңырағына ие болып та жатады.

Күнделікті өмірде үлкен кісілердің «жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер», деп Жаратқаннан тілеу тілеп отыратындарын көреміз.  Кейбір қарияларымыздың қартайғанда ағайын-туыс, отбасына абыройлы, ал баз біреулерін, керісінше, отбасының, бала-шағаның берекесін қашырдың деп қарттар үйіне өткізіп жатқандарының да куәсі болып жүрміз.

Қазақ – қариясын құрметтеген халық. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, ата болған кісілерді «ақсақал» деп құрметтеп, төрден  орын берген, олардың батасын алмай ешбір іс бастамаған. Ал бүгінде осы үрдістердің барлығы біртіндеп өзгеріске ұшырап барады.

Ата – елдің, отбасының ақылшысы, батагөйі әрі қамқоршысы болса, ақжаулықты «әжелеріміз» отбасы мен ағайын-туыс, ел-жұрттың амандығын, тілеуін тілеп, халықтық салт-дәстүрімізді ұлдары мен қыздарына ұғындырып, үлгі-өнеге көрсететін жандар. Тіпті, халықтық дәстүр бойынша ақсақал қариясы бар ауылға келген қонақтар алдымен сәлем беріп, баталарын алуды азаматтық борыш деп санаған. Ал ұлдары мен келіндері, немерелері мен шөберелері құрмет жасап, айтқаны мен өтінішін сөзсіз орындауы шарт, өйткені, бұл ұрпақтарға парыз, міндет.

Қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына жазған өлеңінде «Отбасы – шағын мемлекет. Мен президент, сен премьер» дегеніндей, өмірде әке мен ана қатар айтылады. Жетекші тұлға әкені – ұрпақ иесі, әулет басшысы десе, шешені – отанасы деген. Отбасында әке үкімі заңды. Әкесі дүниеден озған соң отбасына басшы болып үлкен ұлы қалған. Тіпті, әкесінен бөлініп, өз алдына жеке үй болғанның өзінде әкенің не үлкен баланың ықпалы жүретін. Шаруашылығы бөлек болғанымен, барлық бала әкесімен ақылдасып отырған. Әдетте, әке шаңырағы «қарашаңырақ», «үлкен үй» атанады. Ол әкесінен тараған барлық ұрпақ үшін қасиетті саналады.

Мұхаммед Пайғамбардың хадисінде: «Ата-анасын ренжіткендерді Алла тағала жақсы көрмейді», дейді. Әсіресе, ананың жолы бөлек. Ана – сені өмірге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт берген аяулы жан. Өмір тұтқасы, отбасының берекесі, ақылшысы. Сондықтан да, қазақ салтында ата-ананы ренжіту, қарсы шығу, тіл және қол тигізу, айтқанына көнбеу тәрбиесіздік саналған.

Әрбір ата-ана перзенттерінің шыр етіп өмірге келгенінен бастап жақсы бағып-қағып, ізгі ниетті, адал етіп тәрбиелейді. Отбасының басты қазығы – бала. Бала – ата-анадан тараған ұрпақ, олардың ізбасары. Халықта: «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бестен әрі онымен ақылдас», дейді. Сондықтан, ата-анасының айтқанын екі етпей орындап, қартайғанда қабақ шытпай бағып-қағып, ризалығын алу – әрбір перзенттің борышы.  «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» дегендей, әрбір ұл мен қыз әкесі немесе анасының жақсы қасиеттерін бойына сіңіреді.

Қазақ халқы бірінші баланы тұңғышым, одан кейінгілерін ортаншым, кенжем дейді. Олар ержетіп өскенде тұңғыштары мен ортаншыларын үйлендіріп, енші беріп бөлек шығарады да кенжесі өз қолында, яғни «қарашаңырақта» қалады. Осыдан кейін ата-анасын бағып-күтуге осы кенже ұл міндетті болады. «Қарашаңырақты» басқа балалары да құрметтеп, ата-анасының сыбағасын беруді ұмытпауы міндет. Құран Кәрімде: «Адамдарға біз ата-аналарына жақсылық жасауды бұйырдық» делінгендей, балалар ата-аналарын сыйлап құрметтеуге, асырауға тиіс.

Отбасы туыстық жүйенің ортасы саналады. Қазақ отбасында негізгі туыстық қатынас ерлер жағымен есеп­телген. Сонымен қатар, әйел жағымен де туыстық байланыстардың атаулары бар. Атап айтсақ, ата-әже мен бала және  немере-шөберелер, ата-ана мен балалар, келіннің қайын ата, қайын енемен қатынасы. Қазақтың осындай туыстық қатынас атаулары 90-ға жетеді. Жалпы айтқанда, туыстық қатынастар өзара түсіністікке, берекеге құрылады.

Халқымыз жақсы келінді қызынан кем көрмеген. Үлкеннің атын атамай, тіріде өзін, өмірден өткенде әруағын құрметтеуі – келіннің әдептілігі мен тәрбиелігін көрсетеді. Қазақ салтында ақ босаға аттаған келін әдепті, ибалы болып, қайын атасын өз әкесіндей көріп, құрмет жасауы қажет. Білерменсіп ата сөзіне орынсыз араласып, бетінен алып, атасының алдында баласының бетінен сүюі немесе ұрып-соғуы, күйеуі және басқа да отбасы мүшелерімен ұрысуы, жалаңаяқ, жалаңбас ашық-шашық жүруі, атасына сен деп анайы сөйлеуі сияқты оғаш қылықтардың барлығы көргенсіздік, тәрбиесіздік, арсыздық саналады.

Қазақта «Келін ененің топырағынан жаралады» деген сөз бар. Ене – келіннің ең жақын, қамқор және екінші анасы. Жас келіннің болашақ өмір жолындағы ұстазы әрі ақылшысы. Сондықтан да, енесін өз анасындай көріп, сыры мен көңіл күйін жасырмай, ақыл-кеңестерін алып, барлық қызметіне әзір тұрады. Қандай жағдай болмасын бетінен алып, тіл және қол тигізбеуі шарт. Ененің рұқсатынсыз отбасындағы маңызды істерге билік жасамайды. Орынсыз дау-жанжал тудырып немесе өркөкіректік көрсеткен келіндер «көргенсіз, тәрбиесіз» атанады.

Келін – ененің ізбасары, шәкірті. Ене мен келін тату-тәтті, сыйласып өмір сүреді. Көргені мол қайын ене, инабатты келін – отбасының құт-берекесі. Ұрпақтан-ұрпаққа  беріліп отыратын осындай дәстүрлер мен ізгі мұраттар, адамды өзара түсіністікке тәрбиелейтін сүйіс­пеншілік тек ынтымақты отбасынан ғана бастау алады.

Атам қазақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, «жетімі мен жесірін жылатпаған». Бүгінгі таңда елімізде балалар үйіндегі қаракөздер мен қарттар үйіндегі ақжау­лықты аналар мен ақсақалды қариялардың саны өсу үстінде. Абай оныншы қарасөзінде: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?

Балам орнымды бассын деген не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді?

Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?

Артымнан балам құран оқысын десең, тіршілікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Жаманшылықты көп қылсаң, балаңның құраны неге жеткізеді? Тіршілікте өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?

Ахирет үшін  бала тілегенің – балам жасында өлсін де­генің. Егер де ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұ­зақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?

Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екіталай… осының айғағы, – дейді.

Бүгінгі қоғамда имандылық, рухани отбасылық құн­дылықтарымызды нығайтуда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекет отбасыдан басталады. Сол себепті де біздің қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңызы зор», деп – 8 қыркүйекті елімізде «Отбасы күні» деп жариялады. Ал біз өз кезегінде отбасы құндылықтарын әрі қарай жалғастыруға әркез дайын болайық дегім келеді.

Ажар ОСПАНОВА,
Оңтүстік Қазақстан облыстық «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының»
ғылыми қызметкері.

Пікір жазу