Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ЕЛБАСЫ ЕЛДІ БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАДЫ

ЕЛБАСЫ ЕЛДІ БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАДЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасының бірлескен отырысынан көптеген игіліктерді күтіп отырғанымызды жасырған жоқпыз. Үмітіміз ақталды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «»Салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана қылуды ұсынамын», – деген сөздері миллиондаған қазақ отбасыларына әжептеуір жәрдем болатыны айтпай-ақ түсінікті.

Тағы бір сөзінде: «Жыл сайын берілетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлетін боламыз. Оның 11 мыңы, егер одан да көп қажет болса, сұранысқа ие бакалавр бөліміне техникалық мамандықтарға бөлеміз. Бұл дегеніміз төртінші өнеркәсіптік революция шартында жаңа экономикаға қажетті мыңдаған мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 25 мың орындық жатахана салуды тапсырамын», – деді.

Расында да, солай. Міне, елі мен жұртына, мемлекет болашағына алаңдаған басшының ұстанымы! Бәрекелді! Қуанып қалдық!

Қазақстан Республикасының Президенті баспана алудың да жолын тиімді ету мәселесін тілге тиек етті: «Мен «7-20-25» бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Яғни әрбір жұмыс істеп отырған қазақстандық теңгемен ипотекаға үй алып, келесі талаптар бойынша төлейтін болады. Ипотекалық несиенің бір жылдық үстемеақысы 14-16% емес, 7% құрайды. Егер қазіргі таңда банктер ипотекалық несиенің міндетті бастапқы жарнасы үшін 30%, кейде 50% талап етсе, енді міндетті алғашқы жарна 20% аспауы керек. Ал ипотека 10-15 жылға емес, 25 жылға берілуі қажет».

Нұрсұлтан Әбішұлының осы сөздерінен баспанасыз жүрген азаматтарға, әсіресе, жас отбасыларға деген жанашырлығы мен қамқорлығы байқалып тұрған жоқ па?! Лайым айтылғандарының бәрі іске аса берсін деп тілейік!..

Еліміздің бас қаласы Астананы газбен қамтамасыз ету мәселесі де Елбасы назарынан тыс қалмады: «Тәуелсіздік жылдары елімізде жыл сайын газ өндіру 8-ден 52 миллиард текше метрге жетті. Еліміздің 50%-ы газбен қамтылған. Мен Қызылорда облысындағы Қараөзек деген жерден Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана арқылы магистралді газ құбырын салуымыз керек деп ойладым. Бұл 2 миллион 700 мың адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, Арқаның экологиялық жағдайына зор ықпал ететін болады. Егер бұл мәселені шешетін болсақ, жолшыбай қаншама адамдар жеңілдік алады, газ қабылданады. Өмірі газ болмаған өңірге алып келетін боламыз. Осындай мүмкіншіліктерге жеткенімізге тәубе. Бір жыл, бір жарым жыл ішінде шешуіміз керек, солай ғой?» – деді.

Әрине, өркениетті, қарқынды дамып келе жатқан елдің бас қаласы газға қол жеткізе алмай отырғаны санаға сыймайды. Сондықтан болар, Президенттің бұл ұстанымдары көңілімізді көтеріп тастағаны өз алдына, елдің еңсесін биіктете түсетіні хақ.

Жақсылықтарымыз мол болсын!..

Әсет Әссанди

Пікір жазу