Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ШАРДАРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

ШАРДАРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Ізгілік пен мейірімнің, жаңару мен бейбітшіліктің мерекесі.

Ардақты ағайын!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әз-Наурыз – жаңару мен бейбітшіліктің, ізгілік пен мейірімнің мерекесі.
Бүгінгі күн мен түн теңескен күні, шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл басталады. Ата-бабаларымыз ықылым заманнан бері Наурызды жақсы ниетпен қарсы алып, бір Алладан ел тыныштығын, халық бірлігін тілеген.
Наурыз – жыл басы ғана емес, береке-бірліктің, ізгілік пен татулықтың, бауырмалдықтың мерекесі. Ғасырлар тереңінен бізге келіп жеткен Наурыз мейрамы еліміздің барша халықтары үшін ұлық мереке болып саналады.
Халқымыз бір дастархан басында бүкіл ауыл болып, қасиетті «Наурыз көженің» дәмін татып, жұмыла ауласын тазалап, көріктендіріп, бұлақтардың көзін ашқан.
Үлкенді сыйлап, құрмет көрсету халқымыздың ежелден келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, қанына да, бойына да сіңген ең асыл қасиеттерінің бірі. Бұл асыл қасиетін халқымыз ешқашан жоғалтпайтынына мен кәміл сенемін.
Халқымызда «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деген дана сөздер бар. Наурыз айынан бастап ауданымызда көгалдандыру, көріктендіру жұмыстары басталып, өз деңгейінде жүргізілуде.
«Көктемнің бір күні — жылға азық» демекші көктем айының әрбір күнін барлығымыз да ұтымды пайдалана білуіміз қажет.
Наурыз мерекесі, әсіресе, ел Тәуелсіздігімен бірге жаңарып, жаңаша тойланып келеді. Биылғы Наурыз айы еліміз үшін аса маңызды оқиғаларымен ерекшеленген ай болды десек жаңылыспаймыз. Көктемнің алғашқы күндерінде Елбасымыз Парламент палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл бес әлеуметтік бастамасы шын мәнінде де халықтың жағдайын жақсартып, дамудың даңғыл жолына бастайтын зор мүмкіндік деп бағалануда. Әйелдер қауымының шуақты мерекесінен соң іле-шала Астана қаласында Өзбекстанның Қазақстандағы күндері салтанатты жағдайда басталды. Айтулы оқиғаның ашылу рәсімі Орта Азия мемлекет басшыларының соңғы жылдарда елордада алғаш рет ұйымдастырылған кездесуімен тұспа-тұс келді. Бауырлас елдер арасындағы серіктестік пен ынтамақтастықты нығайтуға бағытталған бұл бақосуды Нұрсұлтан Әбішұлы жоғары бағалап, «Біз бәрімізге ортақ қасиетті Наурыз мейрамы қарсаңында кездесіп отырмыз. Мен келе жатқан шуақты мерекемен баршаларыңызды құттықтаймын» деп ізгі ниетін білдірді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен биылғы Ұлыстың Ұлы күні «Наурыз Қазығұрттан басталады» тақырыбымен Қазығұрт тауының бөктерінде кең көлемде атап өтілді.
Ұлыстың ұлы күнін барша халықпен бірге шардаралықтар да шат-шадыман қуанышпен қарсы алып отыр. Қала мен ауыл тұрғындары 14 наурыз – амал күні бір-бірімен көрісіп, «Береке басы – бірлік» тақырыбында бірнеше ауылдық округтерде келелі жиындар өткізілді. Халықты ауызбірлік пен ынтымаққа шақыратын, тұрғындарды тазалыққа, туған жерді көркейтіп-көгалдандыруға жұмылдыратын мұндай іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын таба беретін болмақ.

Қадірлі жерлестер!
Сіздерді тағы да осынау Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, жақсылық тілеймін. Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!

Ізгі тілекпен,
Шардара ауданының әкімі Болатбек ҚЫСТАУОВ.

Пікір жазу