Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » МҰҒАЛІМ… МЕКТЕП… МАХАББАТ…

МҰҒАЛІМ… МЕКТЕП… МАХАББАТ…

Шымқалада орыс тілінде оқитын 5-9 сынып оқушыларының мемлекеттік тілімізді меңгеру деңгейін білу мақсатында «Ана тілі және отбасы» байқауы өтіп жатыр. Оны ұйымдастырушы Шымкент қалалық Тілдерді оқыту орталығы және оның директоры Нұрила Жұманова. Байқау ережелеріне сәйкес, оқушылар мен ата-аналар ұлттық салт-дәстүрлерімізге негізделген сахналық қойылымдар көрсетіп, мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер арқылы тілдік қорларының бай екенін байқатуы қажет. Шымкент қалалық білім бөліміне қарасты мектептердің байқауға дайындығы әр алуан. Десек те, әттеген-айлары да кездесіп қалады.

Мәселен, Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясының әкімшілігі байқау ережелерін түбегейлі айналып өткені өз алдына, мектеп мұғалімдеріне, ұлағатты ұстаздарға тән емес бейқамдығын көрсетті. «Ана тілі және отбасы» деп ұсынған сценарийі толығымен «Қыз ұзату» мен «Келін түсіру» тойларына арналды.

Бағдарламаны «Сұлу қыз» әнімен бастаған байқауға қатысушылардың кейінгі қимыл-әрекеттерін «тамада» таныстырып тұрды. «Сыңсу» айтылып болған соң, асабаға айналған «тамада»: «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» деп, «Сырға салу» рәсіміне кезек берді.

Естеріңізге сала кетейік, бұның бәрі 5-9 сынып оқушылары қатысуға тиіс байқау барысында №38-мектеп қабырғасында болып жатқан жайттар.

Одан соң күйеу бала шақырылып, оған қошемет көрсетілді. Ақ жібек орамалды қалыңдықтың қолына жауып, жігітке аманат етіп табыстады. Әрі қарай пәктік пен адалдықты (?), бақ пен дәулетті, ынтымақ пен махаббатты ұштастырған ортаға түлкі тасталды.

«Сезім толқыны мен жүрек жылуын» насихаттаған оқу ордасында махаббат барынша паш етілді. «Ұзатылған қыз» жаңа жұртына жетіп, келін атанып, отауына кірді.

«Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» демекші, жасанды келіннің аяғы Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы үшін құтты бола қоймады. Өйткені, қазылар алқасы бұл сценарийді сынға алып, «махаббатта тұрған не бар?» деп тұрған мектеп басшыларын бұлай етуге болмайтынын ескертіп кетті. Және қазақта «Қыз ұзату», «Сыңсу», «Келін түсіру» және «Беташардан» бөлек мектеп қабырғасында көрсетуге лайық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері жеткілікті екенін естеріне салды.

Бір қызығы, бұл сценарийді оқу ордасының басшысы, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, Халықаралық Сократ премиясының лауреаты Айман Жүсіпова мемлекеттік мөрін басып, қолын қойып, бекітіп берген екен.

Бұл жөнінде Шымкент қалалық білім бөлімінің басшылары не айтар екен?

Әсет Әссанди

Пікір жазу