Басты бет » Көкейтесті » ЖЕРҰЙЫҚ ІЗДЕСЕҢ, ШЫМКЕНТКЕ КЕЛ! – 02

ЖЕРҰЙЫҚ ІЗДЕСЕҢ, ШЫМКЕНТКЕ КЕЛ! – 02

 

Шымкентте Қазақстандағы ең үлкен әрі теңдесі жоқ дендросаябақ бар. 1979 жылы іргесі қаланған саябақта бүгінде 600-ге жуық өсімдік түрі өседі және шағын көлінде аққу, қаздар жүзіп жүреді. Туристерді бұдан кейін зообақ күтеді. Онда мыңдаған аң-құс тіршілік етеді. Қала аумағында саяхат жасап жүрген меймандар бір сәтке жаңа «Жайлаукөл» демалыс саябағына аялдай алады. Осында орналасқан Орталық Азиядағы ең биік «Altyn eye» шолу әткеншегіне шыққан адам қаланы алақандағыдай анық көретін болады.

Шырайлы Шымкенттің басқа қалалардан тағы бір артықшылығы, мұнда ежелгі шығыс тағамдарын әзірлейтін дәмханалар мен тамақтандыру орындары көп-ақ. Қалада басқа еш жерде кездесе қоймайтын алуан түрлі тағамдар бар. Соның ішінде Шымқаланың әйгілі кәуаптары, тандыры мен самсасы, хош иісті палауы, нағыз шығыс дәстүріндегі шай Оңтүстікке келген қонақтың есінде сақталып қалары сөзсіз.

Бүгінгі шұғылалы шаһардың қадір-қасиетін танытатын аса көрікті Тәуелсіздік саябағы сыртқы сәулетімен ерекшеленеді. Ордабасы алаңындағы Жер-ана монументі мен Тәуелсіздік саябағын ұзындығы 104 метрлік көпір жалғап тұр. Қала тұрғындары бұл көпірді ескі тарих пен жаңа тарихты байланыстырып тұрған «Алтын көпір» деп те атап кеткен. Ал рәміздер алаңында орын тепкен биіктігі 25 метрлік найзалардың ортасында алып көк туымыз әуелете желбіреп тұр.

Шымкентте аялдай тұруға тағы бірнеше күні бар адамның қала маңындағы көрікті де тарихи жерлерді аралап шығуына болады. Бұдан екі жыл бұрын Шымкент қаласына Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарынан 40-қа жуық елдімекен қосылған еді. Қазіргі уақытта сансыз баптардың мекені көне Сайрам мен қазақтың қасиетті Мәртөбесі және Ордабасы, Төлеби аудандарындағы табиғаты тамаша жерлер қаланың құрамына кірген. Қала аумағының кеңеюіне байланысты адамзаттың алтын бесігі, Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған киелі Қазығұрт пен бар қазақтың басын біріктірген Ордабасы тауы Шымкентке жақындай түсті. Қалаға қарасты Ақтас ауылынан Қазығұрт тауына 15-20 минутта жетесіз, ал Көкбұлақ ауылынан қол созым жердегі Ордабасы биігіне жаяу шығуға болады.

Бибайша НҰРЖАНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*