Басты бет » Көкейтесті » ЖЕРҰЙЫҚ ІЗДЕСЕҢ, ШЫМКЕНТКЕ КЕЛ! – 03

ЖЕРҰЙЫҚ ІЗДЕСЕҢ, ШЫМКЕНТКЕ КЕЛ! – 03

Жалпы, Оңтүстік туризмі Шымкенттен басталады. Қала Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы болғандықтан, аумақтың түкпір-түкпіріне апаратын барлық туристік бағыттар шаһардан бастау алады. Қалада мамандандырылған 20 арнайы фирмалар мен мекемелер туристік қызмет көрсетумен айналысады. Туристік бағыттар тарихи орындар мен экзотикалық аудандарға барып, аң-құс, балық аулау, тау туризмі және мәдени-архитектуралық ескерткіштерді таныстыру секілді салаларды қамтиды.

Шымкентке жақын аймақта орналасқан, табиғаты ғажайып Ақмешіт, Біркөлік демалыс аймақтары мен Сайрам-су шатқалындағы «Альтекс» спорт кешеніне, Бадам шатқалындағы «Қырыққыз» туристік базасына және табиғаттың қайталанбас інжу-маржандары, байырғы қорық – Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем ұлттық паркіне лезде баруға болады. Тау етегінде демалуға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар көне Отырар қалашығы мен қасиетті Түркістанға тағзым етіп, тарихи орындарды аралап келуге болады.

«Шымкент – Қазақстандағы ежелгі шаҺарлардың бірі. Қаланың іргесі XI-XII ғасырларда Қытайға баратын сауда жолы үстінде қаланды» деген мәлімет бар. Дей тұрғанмен, соңғы 10 жыл көлемінде Шымкенттің тарихы тым тереңде жатқаны жөнінде және қаланың негізі бұдан да ертерек қаланғаны туралы белгілі археологтар мен тарихшы ғалымдар дәлелдер келтіруде.

IMG 5846

…Шымкент – адам жаны ләззат алатын нағыз құтты мекен. Мұнда демалысқа немесе қонаққа келген адам қаланың сұлулығына көз тоймасы анық. Қаланың қақ ортасынан бастау алатын Қошқарата өзенінің жағалауында көріктендіру жұмыстары қолға алынып, жаңадан бой көтерген демалыс аймағы тұрғындар мен қонақтардың көп жиналып серуендейтін жайлы орындарының біріне айналды. Бұдан бөлек, Шымқаладағы тарихи-мәдени орындар мен жоғары дәрежедегі қонақ үйлер, заман талабына сай дәмханалар мен мейрамханалар, демалыс орындары туристер мен демалушыларға қызмет көрсетуге әзір. Бұған әрі көне, әрі жас Шымкент шаҺары тұрғындарының ақжарқын жүздері мен ақкөңіл пейілдерін және қонақжайлығын қосыңыз. Сонда сіздің іздеген жерұйық осы Шымқала боп шығатыны анық! Оның бәрін көру үшін Шымкентке келу керек.

Осы ретте Елбасымыздың «бұл қаланы шырайлы Шымкент деп атау абзал» деген сөзі ойға оралады. Қазақы қаймағы бұзылмаған қалың жұрт мекендеген Шымқалаға халықтың сүйіспеншілігінің осылай үйлесе өрілуі бар қазақтың арманын бір атауға сыйғызып тұрғандай…

Бибайша НҰРЖАНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*