Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ОН ҮШ – СИҚЫРЛЫ САН…

ОН ҮШ – СИҚЫРЛЫ САН…

Иә, еліміздің 13-өңірінде жайғасқан ауыл шаруашылығына орта буын мамандар дайындайтын іргелі он оқу орнының бірі – Шымкент аграрлық  колледжінің он үшінші директоры болып білікті маман, ұлағатты ұстаз, заңгер, педагогика ғылымдарының магистрі, «Нұр Отан» партиясының «Өркениет» бастауыш ұйымының төрайымы Гауһар Алпысбайқызы Бекбергенованың тағайындалғанына аса көп уақыт бола қойған жоқ. Десек те, осы қысқа мерзім ішінде атқарған сан алуан шаруалары шаш етектен екеніне көз жеткіздік.

Бардық, көрдік, тамашаладық, тәнті болдық. Колледждің оқу-өндірістік базасы, материалдық жағдайы, ішкі тәртібі бір-бірімен ұштаса келіп, санамызға кеңес заманындағы миллионер кеңшарлардың бірін елестетті. Басшысы Гауһар ханымның өзі әрдайым ізденістегі шаруа-ғалым секілді әсер қалдырып отырды. Бұндағы жылыжайлар мен бал ара ұялары, бау-бақша мен құс-қоян қоралары, ондағы тап-тұйнақтай тірліктер мен тазалығы – көңілге шынында да үлкен үміт ұялатады. Өйткені, колледж студентеріне де барынша жағдай жасап беруге ұмтылған басшысының назарынан оқу процесі мен демалыс уақыты тыс қалған емес. Заманауи жатақханада түрлі үйірмелер тіріліп, студенттердің көпжылғы арманы – жаттығу залы іске қосылды. Ол аздай, облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен жарыстардағы жетістіктер – мұнда білім алып жүрген балалардың көңіл-күйлерінің әркез көтеріңкі екенін айғақтайды.

Сөз орайы келгенде, айта кететін бір жайт, колледждің тыныс-тіршілігімен танысуға барғанымызда, сол сәт директордың кабинетіне сүйінші хабар ілесе келді. Колледж студенттерінің бірі – Азат Төрехан кикбоксингтен жастар арасында өткен Қазақстан Республикасының біріншілігінде К-1 бөлімінде 67 салмақ дәрежесінде ІІІ орын алып, арнайы дипломын ала келген екен. Спортшы жасты да, оның жаттықтырушысын да, колледж басшылығын да шын ниетімізбен құттықтап, бұдан да жоғары жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдірдік.

Міне, Шымкент аграрлық колледжіне бір сәт бұрылғандағымыздың әсері бір емес, бірнеше көлемді мақалаға арқау болатындай-ақ! Бір реті келгенде, түн батырып тілімізге тиек еткен оқу ордасы туралы кеңінен әлі талай әңгімелеп беретін боламыз…

Әсет Әссанди.

Пікір жазу