Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » САУАТСЫЗДЫҚТЫ ЖЕҢЕ АЛМАЙ КЕЛЕ ЖАТҚАН ШЫМКЕНТІМ-АЙ!..

САУАТСЫЗДЫҚТЫ ЖЕҢЕ АЛМАЙ КЕЛЕ ЖАТҚАН ШЫМКЕНТІМ-АЙ!..

Шымқала тұрғындары да бүкіл еліміз сияқты Ұлы Жеңіс күнін мерекелеп, аталар ерлігіне тағзым етті. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында «Шымкенттіктер Ұлы Жеңіс күні мерекесін атап өтті» деген ақпарат та жарияланды. Әттеген-айы сол, шала сауатты жазылған сөйлемдердің астарында ерлікті де, тағзым етушілерді де қасақана мазақ етіп отырған базбіреудің шикі әрекеті есіп тұрғандай.

Мәселен, «Әр қазақстандықтың үйінде сонау сұрапыл соғыстың батырлары бар» дегенді қалай түсінуге болады? Менің өз атам – Жетпісбайұлы Дидарбек қанды майдандағы ауыр жарақаттан госпитальда жатып, қаза тапты. Жанын қиіп, Отанымызды да, келешек ұрпақты да қорғап қалған атамның ерлігіне бас иемін. Десек те, сол атам менің үйімде тұрмақ, бүкіл Қазақстанда жоқ. Өйткені, ол топырақ бұйырған Ресей жерінде жатыр.

«Олар соғыс алаңында жанкештілікпен аянбай Отан үшін күресіп, бүгінде бізге ұмытылмас тарихпен қатар жеңіс сыйлады», дейді әлгі «белгісіз» жазбагер. Жеңіс сыйлауға болатын шығар, алайда, тарихты сыйламайды, оны жасайды!..

«Қазіргі таңда қалада Ұлы Отан соғысының 74 ардагерлері жүр», деген сөйлем де қарын аштырар дәрежеде. Бұны оқыған сайын, ерігіп, ерсілі-қарсылы жүрген 74 ардагер еріксіз көз алдымызға елестейді. Және байқаған боларсыздар: «74 ардагерлер» деп емес, «74 ардагер» деп жазылған сауаттырақ болар.

«Таңғы 8-ден Қажымұқан атындағы орталық алаңда…» дегенді оқып, Шымкентте біз білмейтін жерлер бар екен ғой деген таңданыспен «Қажымұқан атындағы орталық алаңды» іздей бастадық. Қалай ойлайсыздар, сол алаңды таптық па екен?..

Және «ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев бастаған шеруге 5000-нан астам адам қатысты» деген сөйлем «биыд» деген сөзден басталады. Осы сөздің не мағына беретінін сіздер айтпасаңыздар, біз білмейді екенбіз! Әлде Оңтүстік Қазақстан облысын басқарып отырған филология ғылымдарының докторынан сұраймыз ба?!.

Әсет Әссанди

Пікір жазу