Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮЙМЕБАЕВТЫ «ТЕНТІРЕТКЕН» ТҰЛҒАЛАРДЫ ТАНЫМАДЫҚ…

ТҮЙМЕБАЕВТЫ «ТЕНТІРЕТКЕН» ТҰЛҒАЛАРДЫ ТАНЫМАДЫҚ…

Өткен апта соңында ел назарын өзіне аударған бірқатар мәдени-тарихи шара ұйымдастырылды.

Фото Әсета Әссанди.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Бәйдібек ауданының 90 жылдығына және ақын Орынбай Таймановтың 150 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өткізілді. Оған ел сүйіспеншілігіне бөленген айтыс ақындары Ақмарал Леубаева (Бәйдібек ауданы), Нұрлыбек Мейірманов (Бәйдібек ауданы), Қажымұқан Абзалов (Бәйдібек ауданы), Біржан Байтуов (Бәйдібек ауданы), Нұрғали Әнапия (Шымкент қаласы), Нұрмат Мансұров (Астана қаласы), Ринат Зайытов (Алматы қаласы), Қанат Мырзаханұлы (Жамбыл облысы), Рүстем Қайыртай (Семей қаласы), Мөлдір Айтбай (Қызылорда қаласы) қатысып, орамды ойларын ортаға салды.

Бұл маңызды шара Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың назарынан тыс қалды.

Фото Әсета Әссанди.

Оңтүстік өңірі тұнып тұрған тарихқа бай көне мекен. Осы тарихқа бай елді-мекендердің ішіндегі ерекше көзге түсетіні, тарихы 2000 мың жыл бұрын бастау алатын Қаратау бойындағы ежелгі Қарнақ ауылы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қарнақ ауылының тарихына арналған «Қарнақ – орта ғасырдағы ағартушылық пен білім ордасы» атты халықаралық конференция өтіп, оның жұмысына филология ғылымдарының докторы, академик Мекемтас Мырзахметұлы, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры Жамбыл Омарұлы Артықбаев, тарих ғылымдарының кандидаты, Өзбекстан ғылым академиясының Тарих институтының ғылыми қызметкері Бахадыр Абдуллаевич Пасилов, тарих ғылымдарының докторы, ХҚТУ профессоры Мұхтар Қожаұлы, тарих ғылымдарының докторы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихшылар және саясаттанушылар қоғамының төрағасы Сейдехан Нұрмаханұлы Әлібек және тағы бірқатар ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қатыспаған тек Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев.

Фото Әсета Әссанди.

Әрине, бүкіл өңірдің тыныс-тіршілігіне асқан жауапкершілікпен қарайтын облыс басшысының барлық іс-шараларға қатысуға қолы тимейтін де болу керек. Деп біз де күні кешеге дейін ойлап келгенбіз. Сөйтсек, республикалық айтыстан да, ғылыми конферениядан да «маңызды» шаруалар бар екен. Мәселен, Ордабасы ауданындағы Жамбыл атындағы жалпы орта мектептің 90-жылдығы! Иә, дәл осы мектептің шала-пұла ұйымдастырылған дәл осы шарасын Жансейіт Қансейітұлы маңыздырақ деп тапты ма, әйтеуір, төрінен көрінді. Облыс әкімі жалғыз келмейтіні белгілі, бүкіл тайлы-тұяғымен жетіп келген. Және бір қызығы, Шымкент пен Жамбыл ауылының арасындағы тас жол бойындағы әр бұрылыста басқа тірлігі жоқтай, «қақиып» тұрған көптеген полиция қызметкерлерін байқадық.

Облыс басшысының көптеген кеңесшілері, бір емес, бірнеше идеологтары бар екенін білеміз. Сонда солардың бәрінің әкімге берген «кеңесі» осы болды ма? Әлде ақсаңдап тұрған идеологиямызды тағы бір қырынан танытудың әрекеті жасалды ма? Жансейіт Түймебаевты Бәйдібек ауданының 90-жылдығына байланысты шараға емес, жай ғана оқу ордасының 90-жылдығына «сүйреген» кім? Облыс әкімін ұятқа қалдыруға кім мүдделі болды екен? Облыстағы соншама лауазым иелері ішінен өңір басшысына жөн сілтейтін бір «ақылды» адамның табылмағаны ма? Әлде жеке бір адамның мүддесі үшін ақыл да, абырой да құрбандыққа шалынды ма екен?..

Әсет Әссанди

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*