Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » Бүгін Оспан батырдың шаһид болған күні

Бүгін Оспан батырдың шаһид болған күні

Атын айтқысы келмеген Алтайлық қария мынадай әңгіме айтты:

«Әкем Оспанның бас сардарларының бірі болды. Қанды көйлекті бірге киіп, небір ауыр күндерді бірге кешіп еді. Мен сол төңкеріс жылдары 16-17 жастағы бозбала едім. Мылтық атуды білсемде соғысқа қатыспай, көбінде арттағы мал-жанға бас көз болып ауылда қалатынмын.

Оспан батыр атақ даңқы шығып, тасы өрге домалап тұрған кезде ірі шайқастарға болмаса, әдеттегі күрестерде батырларының насихатымен өз ордасында қалатын. Сондай күндердің бірінде батыр ауылда қалған бір топ жігітті шақырып алып:

– Жә, жігіттер, тектен-текке қарап жатамыз ба? Бөктерде жатқан жылқылар не болды? «Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналады» деп жігіттердің бәрі ұрысқа кеткенде, жылқыны біреулер қуып жүрмесін. Бір жағы айналаны қарауылдап, бір жағы ат үсті сергіп, жылқыларды байқап келейік,  ̶  деді.

Бәріміз қуана мақұлдадық. Ауылда қалған аз ғана жігіт атқа ер салып, батырға ілестік. Біраз жерді шарладық. Сартоғайдың басы, Бәйтік-Қаптыққа қараған беті биік адырлардың арасы ат аяғы алғысыз қалың ақ жаңқа адам сүйегі. Қалың сүйектен ат сүрінетіндей әзер жол тауып, биік қырқаның басына шықтық.

Батырдың қасындағы жігіттердің бірі сай тағанындағы ақ жаңқа сүйекті қамшысымен нұсқап тұрып:

– Батыр, сізде арман жоқ шығар. Мына жатқан мыңдаған қытайдың ақ жаңқа сүйегін көргенде кегімізді аямай қайтарғанымыз байқалады,  ̶  деді. Ошыңның бетіне мақтанышпен қараған оның күткені болмады.

Бәріміз оның жүзіне қарадық. Батырдың сабырлы жүзі тұнжырап, мұңая күрсінді:

– Е, е, – деп дауысын соза тереңнен күрсінді, ̶ мына мыңдаған қытайдың бас сүйегі хан тұқымы дутың Шәріпхан Көгедаетың басының, қарадан шығып хан болған Мәми ұлы Мәңкейдің басының садақасына тати ма, ̶ деп қатуланып шылдыр шүмек аталатын кішкентай саусағын шошайтты.

– Мына қалың бас бір басы мыңға бергісіз боздақтардың басы түгіл шынашағына да татымайды. Ондай асылдар енді туа ма, жоқ па, кім білсін!

Батырды желпіндірмек болған сөз оның көкірегіндегі жараны тырнап алғандай болды. Бәріміз де үнсіз қалдық.

Батыр айналаға, алыс адырларға мұңмен қарайды.

Шәріпхан Көгедаев деп отырғаны Әбілпейіз ханның шөпшегі. Хан тұқымы, Алтай қазағының басшысы болған әйгілі тұлға еді. Мәңкей Мәмиұлы да Алтай қазағынан шыққан төрт бидің бірі Көкен бидің шөбересі.

Міне, балалар, Оспан батырмен бір реткі аз ғана сапарластық сәтінде осындай әңгімеге куә болып едім»,  ̶  деп қартым әңгімесін аяқтады.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

Источник

Пікір жазу