Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ОҚО-НЫҢ ТАРИХИ ОРЫНДАРЫН ТҮГЕНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНАДЫ

ОҚО-НЫҢ ТАРИХИ ОРЫНДАРЫН ТҮГЕНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНАДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі бастаған ғалымдар тобымен кездесті. Академия президентінің кеңесшісі Е.Исақұлов, профессор Қ.Қонқабаевпен, ғалым А.Тойшанұлымен болған басқосуда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерді іске асыру жайы талқыланды.

Жиын барсында өңір басшысы ғалымдарды облыс аумағындағы маңызды тарихи нысандар туралы мағлұмат жинастырып, арнайы сериямен кітап шығаруға атсалысуға шақырды.

«Өздеріңіз білесіздер, оңтүстік өңірі тарихқа бай өлке. Әлі де зерттеуді қажет ететін дүниелер, зерттелгенінен көп. Сондықтан осыған мән беруіміз керек. Облыстағы барша тарихи және мәдени жерлердің тізімін жасап, олар туралы мәліметтерді жинақтап, кітаптар сериясын шығаруды жандандыру керек деп ойлаймын. Міне, осы істі қарқынмен атқаруға шақырамын», – деді Жансейіт Түймебаев.

Түріколог ғалымдармен кеңесу барысында өңірімізде ғалымдардың басын қосып, тізімге енбей, ескерусіз қалған тарихи орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жайы сөз болды.

Өз кезегінде Д.Қыдырәлі Төлеби ауданындағы Есімханның ордасы болған тарихи маңызы бар жерді мемлекеттік деңгейде қорғауға алып, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Мұны қолдаған аймақ басшысы, ғалымдар тобын тартып аталған нысанға зерттеу жұмыстарын жүргізуге бастамашы болатынын айтты.

Сондай-ақ, атақты түркологтардың басын қосатын келелі кеңестің бірін Оңтүстікте ұйымдастыру мәселесі де қозғалды.

Жиын соңында қонақтарға сый-сияпат жасалып, естелікке суретке түсті.