Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » Түркістандық әнші Наркенже Серікбаева Молдава Республикасындағы халықаралық байқауға қатысуда

Түркістандық әнші Наркенже Серікбаева Молдава Республикасындағы халықаралық байқауға қатысуда

Молдава Республикасының Гагаузия автономиясында «Аймақ даусы-2018» («Bucak sesleri-2018»)Халықаралық этникалық -эстрадалық ән байқауы өтуде.


Биыл алтынша рет шымылдығын түрген ән додасына Қазақстан және Украина елдері тұңғыш рет қатысты.
Екі кезеңнен тұратын байқаудың бірінші шартында әр әнші өз тілінде ән шырқаса, екінші сынақ – өзге тілде достық әндерін орындау. Осы орайда, Қазақстан Республикасының атынан қатысқан Түркістан облысының дәстүрлі әншісі Наркенже Серікбаева Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Бекжігіт Сердәлінің «Ауыл жатыр той жасап» әнін орындап, бірінші кезеңнен сүрінбей өтсе, келесі кезеңде түрік әндерін орындайды.
Гагаузия автономиясының мәдениет және туризм Бас басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараға Қазақстан, Ресей, Грузия, Болгария,Македония, Түркия,Молдава, Украина сынды 15 мемлекеттің күміс көмей әншілері жиналған.


Сондай-ақ, дәстүрлі шараның қалыптасқан үрдісі байқау тек ауылдық жерлерде ғана өткізіледі. Осы орайда, Казаклия елдімекенінің орталық саябағында ұйымдастырылған додаға мыңдаған халық жиналып, әр елдің өнеріне ерекше құрмет көрсетсе, келесі кезең Джолтай стадионында өтеді, дейді ұйымдастырушылар.
Бүгінгі ақтық кезеңде «Аймақ даусы-2018» номинациясының иегері анықталып, түркі елдерінің эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертте марапатталмақ.

Пікір жазу