Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Жетісай ауданының әкімі жылысулықтармен кездесті

Жетісай ауданының әкімі жылысулықтармен кездесті

Бүгін Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев Жылысу ауыл округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында алдағы мақта теру науқанына дайындық шаралары пысықталып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлерді цифрландыру, ауыз су, жол жөндеу мәселелері талқыланды. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Алдымен ауыл округінің әкімі Ермек Толыбаев соңғы 7 айда атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, бүгінде округте 6477 гектар жерге мақта егілсе, 905 гектарға бақша, 447 гектарға дәндік жүгері дәні себілген. Алайда округ бойынша 229 гектар егістік жер игерілмей жатыр.
Биыл шаруаларға 850 тонна жанар-жағармай мен 1357 тонна слитра үлестіріліп берілген. Десек те, округте ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар көңіл көншітпейді. Атап айтсақ, округтегі 1077 шаруа қожалығының иелігіндегі 9406 гектар егістік жердің небәрі 6348 гектары ғана Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтындағы электронды картаға енгізілген. 17 мемлекеттік акт кемшіліктері бойынша Әділет басқармасының қарауында, 64 акт жылжымайтын мүлік орталығында жатыр.
Аудан басшысы аталған кемшіліктерді тез арада шешуді тапсырды. Сондай-ақ, алдағы жылы округте іске асуы жоспарланып отырған жобалардың барысын сұрастырды. Бұл ретте де ауыл округі әкімі мардымды жауап бере алмады.
«Ауыл шаруашылығы жерлерін электронды картаға енгізу жұмыстары округте 65,6 пайызға ғана орындалған. Қанша рет тапсырма берілді. Бірақ нәтиже шамалы. Егер бұл жұмыстарды дер кезінде аяқтамасаңыздар шаруалар мемлекеттік жеңілдіктерге қол жеткізе алмайтын болады», — деді Жамантай Қанайұлы.
Жиын барысында округ тұрғындары дренаждарды ескіргендігін, жол, ауыз су мәселелерін көтерді. Сала басшылары тұрғындардың сауалдарына нақты жауап беріп, бірқатар мәселелер жөнінде ұсыныстар әзірленіп жатқанын мәлім етті.

Пікір жазу