Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Жетісай ауданында мақта зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстары қыза түсті

Жетісай ауданында мақта зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстары қыза түсті

Түркістан облысы Жетісай ауданында мақта зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстары қыза түсті. Қазірдің өзінде мамандар Мақтарал және Жетісай аудандарындағы 70 мың гектар мақта алқабына барлау, бақылау жұмыстарын жүргізіп үлгерген. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 3300 гектар алқапқа мақта көбелектерінің ұрық тастағаны мәлім болып отыр. Бүгін бұл туралы Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Темірхан Елғонов мәлім етті. Оның айтуынша, әзірге өңірдегі мақта дақылына аса қауіп төніп тұрған жоқ. Ақ алтын алқаптарында көбелектердің жаппай ұрық тастау науқаны басталып кеткенімен шаруалар биологиялық әдісті кеңінен қолданып, мақтаны суару жұмыстарына қамдануда.


«Қазір мақта зиянкестерімен күрес жұмыстарында биологиялық әдіс қолайлы болып отыр. Олай дейтін себебіміз көбелектер енді-енді жұмыртқа тастауда. Ал ол жұмыртқалар 3 тәулікте құртқа айналып, мақтаның өсіп-өркендеуіне кері әсер ететін болады. Сол 3 тәуліктің аралығында диқандар биологиялық әдісті тиімді пайдаланып, жұмыртқаларды көбелектерге жегізу науқанын дұрыс атқаруда. Егер бұл әдіске шыдас бермей көбейген жағдайда ғана шаруаларға химиялық әдіске көшуге кеңес береміз. Бүгінгі таңда біздің 10-ға жуық арнайы маманымыз Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы барлық мақта алқаптарында бақылау, барлау жұмыстарын тыңғылықты жүргізуде» дейді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Темірхан Елғонов.
Жалпы биыл Жетісай ауданында 45 мың гектарға мақта дақылы егілді. Былтырғы жылдан қарағанда ауа-райының қолайсыздығынан өңірде мақта 20-25 күнге кеш егілді. Соның салдарынан мақта зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстары да кеш басталып отыр. Бұл өз кезегінде мақтаның пісіп, жетілуіне кері әсерін тигізуде. Осыны ескерген аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев барлық ауыл округтерінде бақылаушыларды бекітіп, зерттеу, зерделеу жұмыстарын күшейтуге тапсырма берген болатын. Сондай-ақ, бұл шараларға Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің 10 бақылаушысы атсалысуда.


Мәселен, Ж. Ералиев ауыл округінде «Нұралы –Жол» ЖШС-гі биологиялық және химиялық әдістерді ұштастыра отырып, мақта дақылын құрттан аман алып қалудың жолын қарастыруда. Қожалық басшысы Ербол Ералиев мақта зиянкестерімен күреске ғылыми көзқараспен келу керек деп есептейді. Ол сондай-ақ, Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы 23 биофабриканың жұмысын жүйелеп, жауапкершіліктерін арттыру керектігіне тоқталды.
(с) Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Қуаныш Әуелбеков

Ескертпе: Егер мақта алқабыңызда зиянкестер көбейіп, қандай шара қолдануды білмей жатсаңыз осы мамандардың көмегіне жүгінуіңізге болады. Біз төменде арнайы бөлінген мамандардың байланыс телефондарын жариялап отырмыз.
Елғонов Темірхан, Жетісай және Мақтаарал аудандарына жауапты. байланыс телефоны: 874703047-90.
Сейтсұлтанов Сейтмухамед, Абай, Ералиев, Ынтымақ ауыл округтеріне жауапты. Байланыс телефоны: 87027355700.
Бигелов Нұрлан, Жылысу, Атамекен, Мақталы ауыл округтеріне жауапты. Байланыс телефоны: 87756425774.
Үмбетов Бектемір, Қызылқұм, Дәлдабеков ауыл округтеріне жауапты. Байланыс телефоны: 87782858922.
Сүгіршаев Бабамүрад, Жаңаауыл округіне жауапты: Байланыс телефоны: 87013548064.
Болтаев Бауыржан, Қазыбек би, Қарақай ауыл округтеріне жауапты. байланыс телефоны: 87022774146.

Пікір жазу