Түркістан облысы Кентау қаласында орналасқан «Кентау» индустриалды аймағында 2022 жылға дейін жалпы құны 1 млрд. 371,2 млн. теңге болатын 7 жоба жүзеге асырылады, деп жазады «Отырар» телеарнасына сілтеме жасаған DIDARBEK.kz ақпараттық порталы.
Жоспар жүзеге асқанда 150-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болады. Қазіргі таңда онда құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын 3 жоба жұмыс істеп келеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған ақпараттық тур аясында БАҚ өкілдері жұмыс істеп тұрған нысандарды аралап, атқарылып жатқан шаруалармен танысты.
Журналистер бас сұққан бірінші нысан — «Электропривод» ЖШС-і. Тоқ және кернеу ажыратқыштары мен трансформаторлар жабдықтарын шығарумен айналысатын кәсіпорын 2015 жылы іске қосылған. Жобаның құны 842 млн. теңге. Мекемеде 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріске қажетті шикізаттар Қытай елінен алынып, дайын өнім Қазақстанның барлық өңірлеріне таралуда.
Индустриалды аймақта орналасқан «Электродеталь» ЖШС-да трансформаторларға арналған металл конструкцияларын шығарумен айналысып келеді. Мекеме 2016 жылы құрылған. Жобаның жалпы құны 867 млн. теңге. Кәсіпорында 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт жылына 35-110-220 кВ трансформаторға арналған 25 дана, 300 дана металл конструкция шығаруға қауқарлы.
Сондай-ақ, индустриалды аймақта жұмыс істеп тұрған үшінші жоба «Әуезов» ЖК. Аталған мекеме оттегі дайындаумен айналысады. Цех тәулігіне 100 дана баллонға оттегі толтыруға қауқарлы. Мұнда арнайы мамандандырылған 4 адам жұмыс істейді. Кәсіпкер Ермекбай Әуезов алдағы уақытта мекеменің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтты.
«Кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен осы істі дөңгелетіп отырмыз. Төмен пайызбен несие алып, қытайдан құрал-жабдықтар алдырттық. Қазіргі таңда дайын өнімді дәнекерлеу ісімен айналысатын кәсіпорындарға, ауруханаларға жеткізудеміз. Бұған дейін мұндай арнайы дайындалған оттегіні Шымкенттен тасымалдап келген азаматтар қазір бізден келіп алып жатыр», – деді Е.Әуезов.
Айта кетейік, жалпы өңіріміздің аудан, қалаларында 9 индустриалды аймақ бар. Оның 7-еуі жұмыс істеп тұрса, қалған 2-еуі жақын күндері іске қосылады. «Түркістан индустриалды аймақтарын басқару компаниясы» ЖШС қатысуымен осы уақытқа дейін құны 30 млрд. теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылды, олар 770 жұмыс орнын құруға ықпал етті.
© DIDARBEK.kz