Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Қала әкімі тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарын аралады

Қала әкімі тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарын аралады

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында тұрғындарды баспанамен қамту, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және бұқаралық спортты дамыту мәселелеріне назар аударды. Аталған бағыттар бойынша қолға алынған жұмыстар қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға жағдай жасауға және шағынаудандардың инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында тағы 30 отбасыға пәтер кілтін табыстады. Сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы тұрғын үйлер Бозарық және Асар-2 шағынаудандарында орналасқан.

Пәтерлер көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген ардагерлерге, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді.

Бұдан бөлек, қала әкімі Ұлағат тұрғын алабындағы кәріз желілерінің жай-күйін тексерді. Нысанды қабылдау актісіне 2023 жылы қол қойылғанымен, бірқатар кемшілік жүйені толық пайдалануға кедергі келтірген. Атап айтқанда, төрт көшеде жалпы ұзындығы шамамен 700 метр құбыр желісі тартылмаған, кәріз-сорғы станциясы жұмыс істемеген, құдықтар бітеліп, жол жабыны қалпына келтірілмеген.

Міндетін тиісінше орындамаған мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылданды. Қала әкімінің тапсырмасымен энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы демеушілік қаражат есебінен жетіспейтін құбырларды төсеп, сорғы станциясын іске қосты. Құдықтар тазартылып, олардың түбі бетонмен бекітілді.

Қазіргі таңда кәріз жүйесі жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде 2 200-ден астам абоненттің орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуына мүмкіндік жасалды. Ол үшін тұрғындар «Су құбыры және кәріз басқармасы» МКК-ға электронды өтінім беруі қажет.

Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков Қайнарбұлақ шағынауданында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен салынған жаңа спорт залын аралады.

Ангар үлгісіндегі нысанда ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жуыну кабиналары және жаттықтырушыға арналған бөлме қарастырылған. Баскетбол, волейбол және шағын футболға қажетті жабдықтар орнатылып, 50 орындық көрермендер аймағы жасақталған. Қыс мезгілінде де жаттығу өткізу үшін жылыту жүйесі орнатылды.

Жаңа спорт залы балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасап, бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді.

 

Пікір жазу