Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Шымкентте 2 824 жұмыскердің жалақы берешегі өтелді

Шымкентте 2 824 жұмыскердің жалақы берешегі өтелді

Еңбек құқықтарын қорғау, жалақы бойынша берешекті азайту және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – еңбек инспекциясы жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Шымкент қаласында еңбек заңнамасының орындалуын бақылау және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Жеңіс Тіллабайұлы мәлімдеді.

Есепті кезеңде жеке және заңды тұлғалардан еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты 2 810 өтініш қаралды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 900 жұмыскердің еңбек құқықтары қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, еңбек заңнамасының сақталуына байланысты 363 тексеру жүргізіліп, 385 заң бұзушылық анықталды. Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында 183 нұсқама беріліп, кінәлі тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды.

Жұмыскерлерге төленбеген жалақыны өндіру мәселесі де тұрақты бақылауда. Еңбек инспекторларының араласуымен 86 кәсіпорында 2 824 жұмыскерге тиесілі жалақы берешегі өндіріліп, олардың құқықтары қорғалды.

Ал еңбек қауіпсіздігіне қатысты жағдайға келсек, жыл басынан бері қалада 20 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 31 жұмыскер зардап шеккен. Әрбір оқиға бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп, тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.

Өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, соның ішінде құрылыс нысандарында қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушілермен профилактикалық және түсіндіру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Аталған жұмыстардың басты мақсаты – еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, еңбек қатынастары барысында туындайтын мәселелерді уақытылы анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте жұмыс берушілерге еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, қызметкерлердің құқықтарын бұзуға жол бермеу және өндірістік қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі түсіндіріледі.

Алдағы уақытта да еңбек инспекциясы тарапынан бақылау шараларын жүргізу, азаматтардың өтініштерін қарау және еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табады. Негізгі басымдық – еңбек дауларының алдын алу, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және қаладағы еңбек қауіпсіздігі деңгейін жақсарту.

 

Пікір жазу