Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » Шымкентте комплаенс қызметкерлері тәжірибе алмасуда

Шымкентте комплаенс қызметкерлері тәжірибе алмасуда

Шымкентте комплаенс қызметтерінің форумы өтіп жатыр. Кәсіби жиынға қаладағы 170-тен астам комплаенс маманы қатысып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы заңнамалық өзгерістерді талқылап, тәжірибе алмасуда.

Форумды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырып отыр. Жиын барысында комплаенс қызметінің рөлін күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және олардың алдын алу тетіктері қарастырылуда.

Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қанат Қадырбековтің айтуынша, комплаенс қызметінің негізгі міндеті – квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.

Форумда 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызмет саласына енгізілген өзгерістер және 13 тамыздан күшіне енген комплаенс қызметінің жаңа үлгілік ережесі түсіндірілуде. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе мен комплаенс қызметін жетілдіру мәселелері талқылануда.

Жиынға Республикалық комплаенс және іскерлік этика қауымдастығының сарапшысы Айпара Адибай қатысып, мамандарға комплаенс институтын жетілдіру және тәуекелдерді басқару бағыттары бойынша ақпарат беруде.

Сарапшы Айпара Адибай комплаенс институтының жұмысын жетілдіріп отыру қажет деп санайды.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға уақытылы өзгерістер енгізіліп тұрады. Себебі комплаенс қызметі қалыптасқалы төрт-бес жыл болды. Осы жылдар аралығында аталған қызметтің жүргізіп жатқан ішкі талдауларының сапасын бақыладық. Егер өзгеріс қажет болса, тиісті бұйрық арқылы бұл қызметке қажетті өзгерістер енгізіледі. Мұндағы негізгі мақсат – квазимемлекеттік ұйымдардағы процестерде болатын тәуекелдерді уақытылы төмендету және сыбайлас жемқорлықпен нәтижелі күресу, – деді Айпара Адибай.

Жиынның басты ерекшелігі – теориялық ақпаратпен шектелмей, практикалық тапсырмаларға басымдық берілуі. Түстен кейін қатысушылар топтарға бөлініп, ұйым қызметінде туындауы мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оларды бағалау және төмендету бойынша нақты шаралар әзірлейді. Мұндай формат мамандарға жаңа талаптарды меңгеріп қана қоймай, оларды нақты жұмыс жағдайында қолдану тетіктерін пысықтауға мүмкіндік береді.

Форумның практикалық бөлімінде қатысушылар топтарға бөлініп, нақты кейстермен жұмыс істеуде. Мамандар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оларды бағалау және төмендету бойынша шешімдер әзірлеуде.

 

Пікір жазу