Мегаполистің Shymkent City шағынауданында жаңа емхана құрылысы жүргізілетін жерде капсула салу рәсімі өтті. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамыту және қолжетімді медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында салынуда. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа емхана ауысымына 500 келушіге есептелген және 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Емхана құрамында ересектер мен балалар бөлімшелері, әйелдер консультациясы және отбасылық денсаулық орталығы болады.
Медициналық мекеме құрамында шұғыл қабылдау бөлімі, клиникалық-диагностикалық зертхана, рентген-диагностика, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, рентген-маммография және эндоскопия кабинеттері қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда 20 орынды күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия орталығы, оңалту бөлімі және фтизиатр кабинеті орналасады.
Жоба пациенттерге қолайлылық және медицина қызметкерлерінің жұмысын тиімді ұйымдастыру талаптары ескеріле отырып әзірленген. Балаларға арналған бөлімшелер бір қабатта орналасады. Оларға жеке лифтілер мен күту аймақтары қарастырылған.
Балалар мен отбасыларға медициналық қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Емханада бес жасқа дейінгі балаларды күту және патронаждық бақылау жұмысы ұйымдастырылады. Жүкті әйелдер мен босанғаннан кейінгі аналарды бақылау үшін де арнайы жағдай жасалады.
Қала әкімі жобаның заманауи талаптарға сай болуы және пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауы тиіс екенін атап өтті.
«Президенттің тапсырмасымен қалада әлеуметтік инфрақұрылым кезең-кезеңімен дамып келеді. Осы орайда баспана құрылысының қарқын алуымен қатар тұрғындарға қажет жағдай жасалуы да маңызды. Жаңа емхана тұрғындарға қажет медициналық қызмет алуға мүмкіндік береді», – деді мегаполис әкімі.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл елдегі медициналық инфрақұрылымды одан әрі дамытуды, заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударуды тапсырған болатын.
Емханаға іргелес аумақта кіреберіс жолдар, автотұрақ орындары, жаяу жүргіншілер жолдары, көгалды және демалыс орындары қарастырылған. Жобаны іске асыру қала тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттырып, науқастарға диагноз қою, емдеу және дерттің алдын алу бойынша қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі