«ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаевтың, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің қалалық департаменті басшысының орынбасары А.Шілмановтың қатысуымен онлайн брифинг өтті.
Тікелей эфир барысында Талғар Серікбаев мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес сыйлықтарды қабылдау мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекет болып бағаланатындығын жеткізді. Мемлекеттік қызметші білмей келiп түскен, сондай-ақ ол тиiстi функцияларын атқаруына байланысты алған сыйлықтар жетi күн мерзiмде арнаулы мемлекеттiк қорға тапсыруға жатады.
Спикердің айтуынша, егер 2019 жылы мемлекеттік қорға 11 сыйлық тапсырылса, ағымдағы жылдың І тоқсанында – 2 сыйлық тапсырылған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамамен лауазымды тұлғаға құны 2 АЕК-тен (5 556 теңге) аспайтын сыйлық бергені үшін 200 АЕК (555 мың 600 теңге) көлемінде, ал мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық алғаны үшін 600 АЕК (1 млн. 666 мың 800 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Құны 2 АЕК-тен жоғары сыйлықтар қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін», – деп атап өтті Т.Серікбаев.
Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қалалық Департаменті басшысының орынбасары А.Шілманов мемлекеттік қызметшілердің төтенше жағдай режиміндегі жұмыс жағдайын түсіндірді. Ол мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнында тікелей болуын талап етпейтін салаларда қашықтықтан жұмыс режимін енгізуге болатынын атап өтті. «Қаладағы төтенше жағдай режимі аясында мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 60% осындай жұмыс форматын енгізді», – деді Айбек Шілманов.
© Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің
Шымкент қаласы бойынша департаменті