Қазақстанның жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелі (KGIR-2026) аясында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков халықаралық компаниялар мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында әлеуетті инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және қаланың инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
Келіссөздерге Пәкістанның FlyCom LLC, AeroNext Global және Forza Roma Group, Израильдің Go Carmel Ltd., Норвегияның Jotun және Непалдың CG Group компанияларының өкілдері қатысты.
Талқылау барысында пәкістандық серіктестермен агроөнеркәсіп кешенін дамыту және сауда байланыстарын нығайту, Go Carmel Ltd. компаниясымен күн энергетикасы нысандарын салу, ал Jotun компаниясымен бірлесіп сырлы-бояу материалдарын өндіруді ұйымдастыру мәселелері қаралды.
CG Group басшылығымен өткен кездесуде Шымкент қаласында азық-түлік өндірісін ұйымдастыру және кейіннен Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарына шығу мүмкіндіктері талқыланды. Бұл бастама өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа нарықтарға бағытталған кәсіпорындарды дамытуға жол ашуы мүмкін.
ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Өзханмен кездесуде коммуналдық саладағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, қаланың инфрақұрылымын жаңғырту және осы бағыттағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Келіссөздер барысында шетелдік серіктестерге Шымкентте жаңа кәсіпорындар орналастырудың артықшылықтары, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлеуеті таныстырылды. Қаланың географиялық орналасуы мен өндірістік мүмкіндіктері халықаралық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтуге негіз болатын маңызды факторлар ретінде атап өтілді.
Қала әкімі шетелдік компанияларға инвестициялық жобаларды пысықтау мен іске асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, өзара байланысты жалғастыруға уағдаласты.
Халықаралық іскерлік байланыстарды нығайту және шетелдік инвестицияларды тарту Шымкенттің экономикалық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жаңа өндіріс орындарын ашу, заманауи технологияларды енгізу және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту қала экономикасының әртараптануына, жұмыс орындарының көбеюіне және жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.