Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы Утебаева 2026 жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстарды баяндап, саладағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
2026 жылы қалада 31 398 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Сегіз айдың қорытындысы бойынша бұл бағытқа 26 412 адам тартылып, жоспардың 84,1 пайызы орындалған. Оның ішінде 16 273 адам тұрақты жұмыс орындарына, 3 366 адам уақытша жұмысқа орналасса, 6 772 азамат кәсіптік оқыту шараларына бағытталған. Жыл басынан бері азаматтарды жаңа жұмыс орындарына орналастыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Шымкентте іске асырылып жатқан даму бағдарламалары, түрлі жобалар және азаматтардың жеке бастамалары аясында 9 446 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, нақты 7 732 адам жұмысқа жолданған.
Жастарды жұмыспен қамтуға да ерекше көңіл бөлінген. Жазғы каникул кезінде студенттер мен мектеп оқушыларын қоғамдық жұмыстарға тарту мақсатында 298 адам үш ай мерзімге жұмысқа орналастырылды. Оның 192-сі жоғары оқу орындарының студенттері болса, 106-сы 16 жастан асқан мектеп оқушылары. Әлеуметтік қолдау бағытында да бірқатар шара жүзеге асырылуда. Қалада 105 547 зейнеткер және 65 875 көпбалалы ана бар. Сонымен қатар зейнеткерлер мен ардагерлерді санаторлық-курорттық емдеумен қамту жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін 8 735 адамға жолдама беру жоспарланған. Бүгінде 5 090 ардагер мен зейнеткер санаторлық-емдеу қызметімен қамтылды.
Брифингте мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша өзгерістер де айтылды. 2026 жылдың сегіз айында атаулы әлеуметтік көмек 1 858 отбасыға тағайындалып, 9 597 адам қамтылған. Қалада әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамтуға тарту да назарда. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы еңбекке қабілетті азаматтардың бір бөлігі тұрақты жұмысқа орналасып, кәсіпкерлік бастамаларға, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына, сондай-ақ қайта даярлау курстарына жіберілген.
Жалпы, жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі жұмыстар азаматтарды тұрақты еңбекке тартуға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға көмек көрсетуге және олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Осы жұмыстар қала тұрғындарының жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік қолдаудың қолжетімді болуына бағытталған шаралардың нәтижесін көрсетеді.