Шымкент қаласының Абай ауданында инфрақұрылымды дамыту, көшелерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ауданда жолдарды жаңарту, сыртқы жарықтандыру жүйесін жетілдіру және қоғамдық кеңістіктерді көркейту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды.
Абай ауданының аумағында 27 елді мекен орналасқан. Мұнда 269,2 мың тұрғын тұрады. Аудандағы ауыз су, электр энергиясы және табиғи газбен қамту көрсеткіштері 100 пайызды құрайды. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып, жаңақұрылыс аумақтарын табиғи газ жүйесіне қосу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданның жол инфрақұрылымын жақсарту да негізгі бағыттардың бірі. Жалпы ұзындығы 1080 шақырымды құрайтын 1274 көшенің 1233-і асфальтталған. Жолдардың сапасын арттыру мақсатында бұған дейін асфальт төсеу жоспарынан тыс қалған көшелерде жұмыстар жалғасып келеді. Қазіргі уақытта қосымша 41 көшеге асфальт төселді. Қалған көшелерді жыл соңына дейін асфальттау жоспарланған.
Сыртқы жарықтандыру жүйесін дамытуда да айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді. Аудандағы көшелерді жарықтандыру жұмыстарының нәтижесінде жарықтандырылған көшелердің үлесі 100 пайызға жетті. Сонымен бірге «Абай» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан 23 көшедегі 323 жарықтандыру бағанасы мен шамы қалпына келтірілді. Бұл жұмыстар көшелердегі жарықтандыру жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Абаттандыру және көгалдандыру аясында тұрғындардың демалысына арналған жаңа қоғамдық кеңістіктер салынуда. Биыл 938,1 миллион теңгеге 15 әмбебап алаңша, 24,1 миллион теңгеге екі ашық спорт алаңшасы және 566,6 миллион теңгеге тоғыз гүлзар салу жоспарланған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 11 ойын алаңшасы мен алты гүлзардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған нысандарды қараша айының соңына дейін аяқтау көзделген.
Бұдан бөлек, Ақжайық шағын ауданындағы 18 ауланы жарықтандыруға 31 миллион теңге бөлінді. Асар-2, Қайнарбұлақ, Нұршуақ, Самал-2 және Самал-3 шағын аудандарындағы 35 көшеде жалпы көлемі 44,5 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолын салуға 1 миллиард 52,4 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ Асар шағын ауданындағы 30 үйдің қасбетін архитектуралық жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 195,3 миллион теңге бөлінген.
Аудан аумағын таза ұстау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 38 сенбілік ұйымдастырылды. Оларға аудан тұрғындары, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ерікті жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, жалпы саны 50 мыңға жуық адамды қамтыды.
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасауға, қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыруға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Жоспарланған жобалардың кезең-кезеңімен іске асуы ауданның көркін жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.