Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Әлеумет » Шымкентте «ТЕКЕМЕТ FEST» этно-танымдық фестивалі өтті

Шымкентте «ТЕКЕМЕТ FEST» этно-танымдық фестивалі өтті

Қазақтың дәстүрлі қолөнері – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан рухани мұра. Әсіресе, жүннен бұйым жасап, киіз басу өнері – атадан балаға жалғасқан ұлттық шеберліктің бір көрінісі. Осы құндылықты кеңінен насихаттап, ұрпақ санасына сіңіру мақсатында Шымкентте «ТЕКЕМЕТ FEST» этно-танымдық фестивалі өтті.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы ұйымдастырған шараға еліміздің әр өңірінен келген қолөнер шеберлері мен өнерпаздар, сондай-ақ, Қырғызстаннан арнайы келген өнерлі жандар қатысты. Этнофестивальдің негізгі мақсаты – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі қолөнерді дәріптеп, ұлттық мұраны жаңғырту және оны кейінгі буынға аманаттау.
«Этноауыл» кешенінде өткен фестивальде қазақтың киіз бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, көпшілікке текемет жасаудың дәстүрлі тәсілдері көрсетілді. Шеберлер жүнді өңдеуден бастап дайын бұйымға дейінгі күрделі үдерісті көзбен көрерменнің алдында орындады. Илеу, сабау, түту, тарау, иіру, шүйкелеу, бояу, шабақтау, өр салу сынды жұмыстардың әрқайсысының өзіндік мәні бар.
Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл процестердің артында халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі жатыр. Әжелердің қолынан шыққан әрбір текеметте ұлттық ою-өрнекпен бірге отбасы жылуы, эстетикалық талғам мен шеберлік сабақтастығы сақталған. Фестиваль барысында осының бәрі көпшілікке кеңінен таныстырылды. Ал жұмыс барысы LED экран арқылы көрсетіліп, көрермендер киіз басудың қыр-сырын жақыннан тамашалауға мүмкіндік алды.
Шараға арнайы қатысқан Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы төрағасының орынбасары Мөлдір Оңдасынова ұлттық дәстүрді дәріптеудің маңызына тоқталды.
– Біз осындай ұлттық құндылықтарымызды әрдайым дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыруымыз керек. Себебі, салт-дәстүр – халқымыздың болмысын айқындайтын рухани негіз. Бүгінгі «ТЕКЕМЕТ FEST» фестивалі де атадан балаға жалғасқан қолөнер дәстүрін жаңғыртып, ұлттық өнерімізді көпшілікке таныстыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, осы фестивальге арнайы ат ізін салып, Қырғыз елінен келген өнерлі ханымдарға алғысымызды білдіреміз. Бауырлас елдердің мәдени байланысын нығайтып, ортақ құндылықтарды бірге дәріптеу – біз үшін үлкен қуаныш. Баршаңызды бүгінгі текемет фестивалімен құттықтаймын! Ұлттық өнеріміз жасай берсін, дәстүріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін, – деді ол.
Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – қазақ пен қырғыз халқының қолөнеріндегі ортақ үндестіктің көрініс табуы. Текемет өнері екі халықтың да тұрмысында ежелден ерекше орын алған. Сондықтан шараға Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласынан келген қолөнер шеберлері де белсене қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Солардың қатарында «Ыр-керуен» мәдени қоғамдық қорының жетекшісі Венера Пирматова бар. Ол қазақ-қырғыз шығармашылық байланысының жылдан-жылға нығайып келе жатқанын жеткізді.
– Біз бұл фестивальге биыл екінші рет келіп отырмыз. Қырғызстаннан өзіммен бірге 20 апаны бастап алып келдім. Олардың әрқайсысы – қолөнердің қыр-сырын меңгерген, ұлттық дәстүрді жүрегіне жақын ұстайтын өнерлі жандар. Былтырғы фестивальден кейін қазақтың өнер иелерімен шығармашылық байланысымыз одан әрі нығая түсті. Бүгін де сол әріптестігімізді жалғастырып, тәжірибе алмасып, бір-бірімізден үйреніп жатырмыз.
Қазақ пен қырғыз – тамыры бір, тарихы мен мәдениеті сабақтас халықтар. Осындай шаралар арқылы біз тек қолөнерімізді ғана емес, екі елге ортақ салт-дәстүрімізді де дәріптейміз. Әсіресе, әжелеріміздің өнерін жастарға көрсету өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені, дәстүр жалғаспаса, уақыт өте келе ұмытылып қалуы мүмкін. Сондықтан біз осындай фестивальдерге қуана қатысамыз. Қазақ елінің шеберлерімен бірге жұмыс істеп, шығармашылық тәжірибе алмасу біз үшін үлкен мәртебе. Шақырғандарыңызға алғысымыз шексіз, – деді қырғыз елінен келген қонақ.
Екі елдің қолөнеріндегі ұқсастық пен өзіндік ерекшеліктер де фестиваль барысында айқын көрінді. Бұл – мәдениет пен өнердің шекара талғамайтынын, ортақ мұраның халықтарды жақындастыра түсетінін көрсеткен тағылымды сәт болды.
Фестивальде «Ғасыр әжелер», «Іскер аналар», «Нұсқа айымдары» топтары мен «Бейісбековтер отбасы» да өз өнерлерін ортаға салды. Үлкен буынның қолөнерге деген ықыласы мен шеберлігі жастарға үлгі болса, «Балалар көркемсурет» мектебінің ұстаздары мен шәкірттері киізбен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін таныстырды.
Осылайша, дәстүрлі өнер мен заманауи ізденіс бір алаңда тоғысты. Бір жерде әжелер ғасырлар бойы қалыптасқан әдіспен текемет басса, енді бір жерде жас буын киізді жаңа технологиялар арқылы түрлендірудің жолдарын көрсетті. Бұл – ұлттық өнердің өткенмен ғана шектелмей, заманға сай жаңғырып келе жатқанын аңғартты.
«ТЕКЕМЕТ FEST» – бір күндік мәдени шара ғана емес, ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған тағылымды бастама. Себебі, текемет – жай ғана тұрмыстық бұйым емес. Оның әрбір өрнегінде халқымыздың дүниетанымы, әрбір түсінде талғамы, әрбір иірімінде ата-баба тәжірибесі бар.
Осындай фестивальдер арқылы ұмыт бола бастаған көне технологиялар қайта жаңғырып, шеберлердің еңбегі көпшілікке танылады. Ең бастысы – ұлттық өнердің қадірін білетін жаңа буын қалыптасады.
Қазақтың қолөнері – өткеннің естелігі емес, бүгіннің де, ертеңнің де еншісі. Ал, оны сақтап, дәріптеп, келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет.

Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
«Шымкент келбеті»

 

Пікір жазу