Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Шымкент қаласының Қаратау ауданында 2026 жылдың тоғыз айында инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Ауданда 340 мыңнан астам тұрғын тұрады. Жалпы аумағы 19,5 мың гектарды құрайтын ауданда 19 елді мекен мен 897 көше орналасқан.
Биыл инженерлік желілерді дамытуға басымдық берілді. Қазіргі таңда ауыз сумен және электр энергиясымен қамту көрсеткіші 99 пайызға, табиғи газбен қамту 98 пайызға жетті. Достық тұрғын алабындағы ауыз су жүйелері мемлекет меншігіне қабылданды. Шапыраштыдағы су жүйелерін коммуналдық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Таскен, Сайрам тұрғын алаптары мен Гидрогеолог шағынауданын ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жобалау құжаттамалары әзірленуде.
Жол инфрақұрылымын жақсарту аясында биыл 132 көше мен өткелге асфальт төсеу жоспарланып, оның 117-сінде жұмыстар аяқталды. Сегіз елді мекенде жалпы ұзындығы 27 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сондай-ақ су жиналу қаупі бар 22 аумақта ирригациялық арықтар мен су жинайтын құдықшалар орнатылды. Аудан көшелерін жарықтандыру көрсеткіші 100 пайызға жеткізілді.

2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысында Нұрсәт және Астана шағынаудандарындағы сегіз нысанда жалпы ұзындығы 4 932 метр жылу құбыры жаңартылды. 23 қазаннан бастап орталық жылу жүйесіне қосылған 541 көпқабатты тұрғын үйге жылу берілді. Сонымен қатар 127 үйдің автономды жылыту жүйесі қысқы режимге ауыстырылып, 281 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілді.

Кәріз жүйесін дамыту мақсатында Мирас-1 және Мирас-2 шағынаудандарында орталық кәріз желісінің құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар ауданның инженерлік инфрақұрылымын жетілдіріп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Пікір жазу