Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Ғабит Сыздықбеков жол және көлік саласының мамандарына алғыс білдірді

Ғабит Сыздықбеков жол және көлік саласының мамандарына алғыс білдірді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков автомобиль көлігі және жол саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Салтанатты кездесу барысында шаһар басшысы сала ардагерлері мен мамандарына қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі, жауапкершілігі мен кәсіби еңбегі үшін алғыс хаттар табыстады.

Қаланың аумағы кеңейіп, тұрғындар саны мен автокөлік қозғалысы артып келе жатқан кезеңде жол инфрақұрылымын жаңғырту ерекше маңызға ие. Осыған байланысты жаңа жолдар мен жолайрықтар салу, қолданыстағы көшелерді қайта жаңарту және көлік қатынасын оңтайландыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда Шымкент қаласында 1,8 мың шақырымға жуық жолға асфальт төселді.

Биыл көлік қозғалысын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Момынов және Тіленшин көшелеріндегі жол өткелдері пайдалануға беріліп, Қазиев көшесінің жалғасы ашылды. Сонымен қатар Бәйдібек би даңғылы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрықтың эстакадасы көлік қозғалысына қосылды.

Қазіргі уақытта қала аумағында бірнеше ірі жол құрылысы жобасы жалғасуда. Олардың қатарында Қонаев даңғылын ұзарту, А-2 автомобиль жолы мен Исраилов көшесін қайта жаңарту, сондай-ақ Ақсүмбе көшесінің жалғасын салу жұмыстары бар. Бұған қоса, ұзындығы 50 шақырымды құрайтын айналма жолдың құрылысы басталды. Аталған жобалар қала аудандары арасындағы қатынасты жеңілдетіп, негізгі магистральдардағы көлік жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қоғамдық көлік саласын жетілдіру де назардан тыс қалған емес. Бүгінде Шымкентте 83 бағыт бойынша мыңға жуық автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қалада автобус паркін жаңарту, тасымалдау қызметінің сапасын жақсарту және тұрғындар үшін қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасуда.

Кездесу соңында Ғабит Сыздықбеков жол құрылысшыларына, инженерлерге, жүргізушілерге, механиктерге және көлік саласының өзге де қызметкерлеріне күнделікті еңбектері мен қаланың дамуына қосып жүрген үлестері үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ сала мамандарына зор денсаулық, отбасыларына амандық, кәсіби қызметтеріне табыс тіледі.

Жол-көлік инфрақұрылымының сапалы дамуы – қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды факторлардың бірі. Осы бағытта еңбек етіп жүрген сала мамандарының кәсібилігі мен жауапкершілігі Шымкенттің заманауи көлік жүйесін қалыптастыруда айрықша рөл атқарады.

Пікір жазу