Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспаналы болған 30 отбасыға жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
Пәтер иелері «Отбасы банк» АҚ жүзеге асыратын «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларының қатысушылары. Барлық үміткерлер белгіленген талаптарға сәйкес төлем қабілетін растаған. Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ бюджеттік сала қызметкерлері бар.
Жаңа тұрғын үйлер Ақжайық, Бозарық және Асар-2 шағынаудандарында орналасқан. Пәтерлер толықтай пайдалануға беріліп, қажетті инженерлік-коммуникациялық жүйелерге қосылған.
Бұдан кейін шаһар басшысы Ақсүмбе көшесінің жалғасын салу жұмыстарының барысын тексерді. Аталған жолдың құрылысы қаланың көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысына түсетін салмақты азайтуға бағытталған.
Жұмыс сапары Абай ауданындағы «Су құбыры және кәріз басқармасы» МКК-ның кәріз-тазарту құрылыстарында жалғасты. Нысан тәулігіне 200 мың текше метр ағынды суды тазартуға қауқарлы. Мұнда су механикалық және биологиялық әдістер арқылы тазартудан өтеді. Сонымен қатар өндірістік үдерісте тұнба көлемін қысқартуға және жағымсыз иістерді азайтуға арналған экологиялық технологиялар қолданылады.
Кәсіпорын жұмысымен танысқан Ғабит Сыздықбеков жауапты мамандарға экологиялық талаптардың орындалуын қатаң бақылауды, тазарту сапасын арттыруды және нысанның қоршаған ортаға тигізетін әсерін тұрақты қадағалауды тапсырды.
Сондай-ақ қала әкімі Тұран ауданында орналасқан ұзындығы 6 шақырымнан асатын А-2 айналма жолын қайта жаңғырту жобасының іске асырылу барысын көрді. Жоба аясында алты жолақты магистраль салу қарастырылған. Қазіргі таңда жолдың бір бағытындағы жұмыстар толық аяқталған. Ал екінші бағыт бойынша 3,2 шақырымға асфальт төселіп, 2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынған. Қалған бөліктерде құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Бұдан бөлек, Ғабит Сыздықбеков Қонаев даңғылы жалғасының V кезеңі бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Жобаның жалпы ұзындығы 4,7 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта Сәуле шағынауданынан айналма жолға дейінгі учаскедегі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған.
Жалпы, қала әкімінің жұмыс сапары барысында тұрғындарды баспанамен қамту, көлік қатынасын жақсарту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді. Бұл бағыттағы жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асыру қаланың инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.