Қоршаған ортаны қорғау және тазалық мәдениетін қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласында тазалық пен абаттандыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қоғамдық кеңістіктердің көркін арттыру және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін нығайту.
Республика күніне орай, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бүгін Қошқар ата өзенінің жағалауы мен оған іргелес аумақтарда тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік іс-шарасына Әл-Фараби және Тұран аудандарының коммуналдық тазалық қызметкерлері мен ерікті жастары, Экология департаментінің қызметкерлері қатысты.
Жиналғандар өзен жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазалап, санитарлық тазалық іс-шараларын атқарды. Тазалық жұмыстарына 470-ке жуық адам қатысып, 27 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, өзен жағалауы мен айналасындағы аумақтар қоқыстан тазартылып, 50 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар, өзен бойындағы ағаш бұталарына санитарлық қырқу жұмыстары жүргізіліп, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға басымдық берілді.
Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осындай игі бастамалар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, туған өлкенің көркеюіне өз септігін тигізеді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласында 2026 жылғы наурыз айынан бастап ауқымды сенбілік жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Айта кетейік, Шымкент қаласында қалалық жайлы ортаны қалыптастыру, экологиялық ахуалды жақсарту және қаланың сәулеттік келбетін арттыру мақсатында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Тазалық іс-шаралары да басты назарда.
Қошқар ата өзенінің аумағын абаттандыру жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда Қошқар ата өзенінің 20,1 шақырымдық арнасын кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары атқарылуда.
Тазалық – ортақ жауапкершілік! Табиғатты аялау мен тазалықты сақтау бір күнмен шектелмеуі тиіс. Әрбір азамат қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарап, қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қараса, қаламыздың көркі де арта түседі.
Тазалықты сақтау – әрқайсымыздан басталады!