Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Шымкентте инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда

Шымкентте инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда

Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы ауыз сумен, тұрақты электр энергиясымен және табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Қаланың аумағы кеңейіп, жаңа тұрғын алаптары мен өндірістік нысандардың саны артуына байланысты инженерлік инфрақұрылымды дамыту және қолданыстағы желілердің қуаттылығын арттыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Қазіргі таңда қаладағы 81 елді мекен ауыз сумен қамтылған. 2025 жылы Қызылжар-2, Ақжайық және Тұран шағынауданының Қайтпас-1 аумағында тұрғын үйлерді су жүйесіне қосу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, демеушілер есебінен 32 шақырым су құбыры тартылып, Текесу мен Айкөл елді мекендері орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Жобалардың жалпы құны 257 млн теңгеден асты. Нәтижесінде 11 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Қаланың су жүйесін одан әрі кеңейту мақсатында Таскен, Исфиджаб, Қазығұрт стансасы, Гидрогеолог және Орманшы елді мекендерінде, сондай-ақ Оңтүстік, Ақжайық және Жиделі аумақтарында жобалау жұмыстары жүргізілуде. Оңтүстік тұрғын алабында ауыз су желісінің құрылысы басталған.

Электрмен жабдықтау саласында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Қаладағы 81 елді мекен электр қуатымен қамтылған. 2026 жылы 8 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында Сайрам, Сәуле шағынауданының 275-орамында, Қайнарбұлақта және Тұран аумағында электр желілерін салу жұмыстары бар. Бұл жобалар шамамен 24 мың тұрғынды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Сауда-логистикалық орталығына инженерлік желілер тарту, «Dala Construction» ЖШС нысанын электрмен жабдықтау және Жұлдыз индустриялық аймағының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде.

Электр энергиясына сұраныстың артуына байланысты қосымша қуат көздерін қалыптастыруға да басымдық берілген. «Қазығұрт» қосалқы стансасының жүктемесі 100 пайызға жетуіне орай, қуаттылығы 125 МВт автотрансформатор орнату қарастырылған. Бұдан бөлек, Бадам өзені бойында 110/10 кВ қосалқы стансасы мен 110 кВ электр желісін салу арқылы «Стандарт Стилл» зауытын электрмен қамтамасыз ету жобасы жүзеге асырылуда.

Ал «Ақжар» қосалқы стансасы арқылы қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі Құрсай, Қазығұрт, ТЛЦ және Батыс шағынаудандарын тұрақты электр қуатымен қамту көзделген. 2027–2029 жылдары жаңа қосалқы стансалар салу және қолданыстағы нысандардың қуаттылығын арттыру жоспарланған. Сонымен қатар, қуаттылығы 500 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы басталып, оны алдағы үш жылда аяқтау көзделіп отыр. Жобаның мердігері – NextGen Power Systems Ltd.

Табиғи газбен қамту бағытында қаладағы 81 елді мекеннің 66-сы толық газдандырылған, 14 елді мекен ішінара қамтылған, ал Айкөл елді мекеніне газ жеткізілмеген. Қазіргі уақытта Жаңаталап тұрғын алабындағы газбен жабдықтау жүйесін салу және Сауда-логистикалық орталығының индустриялық аймағына магистральдық газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаларды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ Құрсай, Жаңаталаптың жаңа құрылыс аумағы, Достық, Игілік және Нұршуақ шағынаудандарын газдандыру бойынша жобалау және құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Қаладағы газ инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы құбырларды диагностикалауға арналған арнайы жылжымалы қондырғы сатып алынды. Сол жылдың шілде-қараша айларында жалпы ұзындығы 107,3 шақырым болатын 67 нысан тексеріліп, 45 ақау анықталды. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары толық орындалды.

Алдағы уақытта қаланың даму жоспарына сәйкес, табиғи газ өткізу қуатын арттыру үшін үш жаңа газ тарату стансасын және айналма магистральдық газ құбырын кезең-кезеңімен салу көзделіп отыр.

Жалпы, ауыз су, электр энергиясы және табиғи газ жүйелерін жаңғырту мен кеңейтуге бағытталған жобалар қаланың инженерлік инфрақұрылымын нығайтуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және өндірістік нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасауға бағытталған. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қаланың қарқынды дамуына, жаңа аумақтарды инженерлік желілермен қамтуға және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Пікір жазу