Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Әлеумет » ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: ЖАСТАР АЛАЯҚТАРДЫҢ АРБАУЫНА ТҮСПЕУІ КЕРЕК

ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: ЖАСТАР АЛАЯҚТАРДЫҢ АРБАУЫНА ТҮСПЕУІ КЕРЕК

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласының тоғыз жоғары оқу орнында бірінші курс студенттеріне арналған «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында бір мезетте профилактикалық кездесу өтті. Жаңа ортаға бейімделіп, өз бетінше қаржылық шешімдер қабылдай бастаған жастар үшін мұндай түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Себебі студенттік кезеңде алғаш рет банк картасын пайдалану, онлайн сауда жасау, жұмыс іздеу, ақша аудару немесе инвестицияға қызығушылық таныту сияқты қаржылық операциялар көбейеді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қалаға жаңадан келген студенттерді қаржылық сауаттылыққа үйретіп, интернеттегі алаяқтық схемалардан, дропперлік әрекеттен, қаржылық пирамидалардан және заңсыз ақша табу ұсыныстарынан сақтандыру. Кездесуді Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары бірлесе ұйымдастырды.
Кездесу барысында жастарға қазіргі кезде кең тараған қаржылық қылмыс түрлері түсіндірілді. Соның ішінде дропперлікке ерекше назар аударылды. Дроппер деп өз банк шотын, картасын немесе басқа да қаржылық құралдарын үшінші тұлғаларға беріп, олардың көмегімен ақша аударымдарын өткізуге қатысатын адамдарды атайды. Сондықтан мамандар жастарға банк картасын, шотын, интернет-банкингке кіру деректерін және өзге де қаржылық құралдарын бөгде адамдарға бермеу қажеттігін ескертті. Кездесуде қаржылық пирамидалардың жұмыс істеу тәсілдері де жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шара барысында сөз алған Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ресми өкілі Аружан Әлжан қаржылық қауіпсіздік мәселесінде жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, түсіндіру кездесулерін бір апта бойы өткізіп, шамамен 18 мың бірінші курс студентін қамту жоспарланып отыр.
– Жастар өз құқықтарын білуі керек, сонымен қатар, өзгенің құқығын құрметтеуі қажет. Қазіргі заманғы алаяқтық түрлері, дропперліктен, қаржылық пирамидалардан аулақ болған жөн. Ол үшін жастар қаржылық тұрғыдан сауатты әрі жан-жақты болуы керек, – деді ресми өкіл.
Кездесу барысында студенттер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Әсіресе интернет арқылы жұмысқа орналасу, банк картасын пайдалану, инвестициялық ұсыныстарды тексеру, әлеуметтік желідегі жарнамалардың шынайылығын анықтау және күмәнді қаржылық операцияларға қатысты сұрақтар талқыланды.

 

Пікір жазу