Шымкент қаласының Еңбекші ауданында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, қоғамдық кеңістіктерді көбейту және әлеуметтік нысандардың сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Аудандағы абаттандыру шараларының басым бөлігі тұрғындардың ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік беретін «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылуда.
2025 жылы осы бағытта жоспарланған 47 жоба толық аяқталып, пайдалануға берілді. Ал 2026 жылы 46 жобаны іске асыру көзделген. Оның аясында балалар ойын және спорт алаңшаларын салу, гүлзарлар ашу, аяқжолдар орнату және Бадам өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары қарастырылған. Бүгінгі таңда 34 балалар ойын алаңшасы, 5 гүлзар және аяқжол салуға қатысты 2 жоба аяқталған. Қалған нысандарда құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен бірге ауданда бұқаралық спортты дамыту мақсатында 88 ашық спорт алаңы жұмыс істейді. 2025 жылы 9 спорт алаңы орнатылса, 2026 жылы жоспарланған 12 алаңның 11-і пайдалануға дайын болды.
Көшелерді жарықтандыру және тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары да жүйелі түрде атқарылуда. 2025 жылы ауданда 367 көшеге жарықшамдар орнатылып, іске қосылды. 2026 жылы ескірген жарық жүйелерін жаңарту аясында 8 көшенің 6-ында жұмыстар аяқталды. Сонымен қатар аяқжолдар бойындағы жарықтандыру жүйесін жаңарту шаралары жүргізілуде. Аудан аумағындағы 281 көпқабатты тұрғын үй 133 аулаға біріктірілген.
Көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Момынов көшесіндегі теміржол өткелі толық аяқталды. Тіленшин көшесіндегі теміржол өткелі де пайдалануға берілді. Базарқақпа мен Тұрдыабат тұрғын алаптарын байланыстыратын Исраилов көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 4,76 шақырым болатын жол төрт жолақты етіп салынып, екі жағынан аяқжол, ирригациялық арық және жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Сондай-ақ Бердіқожа батыр көшесі бойында демеушілік қаражат есебінен Сайрам-су өзені арқылы өтетін ұзындығы 78 метр, ені 10 метр көлік көпірінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар ауданның көлік қатынасын жақсартып, тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.