Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Шымкент: Ұлағатта 2 200-ден астам абонент кәріз жүйесіне қосыла алады

Шымкент: Ұлағатта 2 200-ден астам абонент кәріз жүйесіне қосыла алады

Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және коммуналдық жүйелердің тиімді жұмыс істеуін жолға қою бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы ретте Ұлағат шағынауданындағы кәріз желілерінің құрылысына қатысты анықталған кемшіліктерді жою және нысанды толыққанды пайдалануға беру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қаладағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстарының сапасы мен мердігерлердің міндеттемелерді тиісінше орындауы маңызды. Анықталған олқылықтарды жою нәтижесінде тұрғындардың орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуына жағдай жасалып, шағынаудандағы коммуналдық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік туды.

Шымкент қаласының Ұлағат шағынауданында кәріз желілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2021 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. 2022–2023 жылдары құрылыс жұмыстарына бюджет қаражаты бөлініп, құрылысты мердігер «АлемСтрой-1» ЖШС жүзеге асырған. Нысанды қабылдау актісі 2024 жылдың соңында рәсімделген.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 40,9 шақырымды құрайтын кәріз желілерінің құрылысы толық көлемде орындалып, жұмыстардың орындалу көрсеткіші 100 пайызды құраған.

Алайда, мердігер мекеме тарапынан жұмыстар толық орындалмай, құрылыстың көлемі мен сапасына қатысты бірқатар сәйкессіздік анықталған.

Атап айтқанда, төрт көшеде жалпы ұзындығы шамамен 700 метр кәріз құбыры тартылмаған, кәріз-сорғы станциясы жұмыс істемеген, құдықтар бітеліп, жол жабыны қалпына келтірілмеген.

Осыған байланысты тексеру жүргізіліп, міндеттемелерін тиісінше орындамаған мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылданды.

Аталған кемшіліктерді жою мақсатында Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының ұйымдастыруымен демеушілік қаражат есебінен жетіспейтін құбырлар тартылып, кәріз-сорғы станциясы іске қосылды. Сонымен қатар, құдықтар тазартылып, олардың түбі бетонмен бекітілді.

Қазіргі таңда кәріз жүйесі іске қосылып, 2 200-ден астам абонентке орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік жасалды.

Тұрғындар орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылу үшін «Су құбыры және кәріз басқармасы» МКК-ға eGov электрондық үкімет порталы арқылы өтінім беруі қажет.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде шағынаудан тұрғындары үшін инженерлік инфрақұрылымның қолжетімділігі артып, тұрмыстық жағдайды жақсартуға мүмкіндік туып отыр.

 

Пікір жазу