Шымкентте тағы 30 отбасы жаңа пәтерлі болды. Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Көп қабатты үйлер Бозарық, Ақжайық және Асар-2 шағынаудандарында орналасқан. Пәтерлерді «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысып, төлем қабілеттілігі мен бағдарлама талаптарына сәйкестігін растаған азаматтар сатып алды.
Жаңа баспана иелерінің қатарында көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылардың өкілдері және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
Жеңілдетілген бағдарламалар қала тұрғындарына қолжетімді шарттармен үй сатып алуға мүмкіндік береді. Бірнеше жыл бойы баспана мәселесін шешуге ұмтылған отбасылар үшін жеке пәтерге ие болу – тұрғын үй жағдайын жақсартуға берілген мүмкіндік.
Айта кетейік, Бозарықтағы жаңа үйлер шағынауданда заманауи тұрғын үй құрылысын қалыптастыратын нысандардың қатарына жатады. Шағынауданның дамуымен бірге мұнда тұрғындардың күнделікті өміріне қажет жағдайлар жасалуда.
Шымкентте қолжетімді баспанаға сұраныс сақталуда. Осыған байланысты қала әкімдігі баспана құрылысының көлемін арттырып, жеңілдетілген бағдарламалар арқылы пәтер сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруда.
Сонымен қатар қала әкімі «Радуга-транспорт» және «Түркістан көлік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне жеткізілген 50 жаңа автобустың техникалық жағдайымен және желіге шығуға дайындығымен танысты. Жақын уақытта автобустар №126, 104, 60, 12, 35, 92, 103 және 135 бағыттарында қатынай бастайды. Жыл соңына дейін тасымалдаушылар жалпы 192 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Жылжымалы құрамды жаңарту ескірген автобустарды кезең-кезеңімен алмастыруға, жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін Абай ауданындағы Асар-2 және Достық шағынаудандарында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылып жатқан екі қоғамдық кеңістіктің құрылыс барысы тексерілді. Жобаларда көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көшелерді жарықтандыру, орындықтар орнату, балалар және спорт алаңдарын жабдықтау қарастырылған. Мердігер ұйымдарға жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, тұрғындардың жайлы демалысына қажетті жағдайларды толық қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ Тұран және Әл-Фараби аудандарында А-2 айналма жолын қайта жаңғыртудың V кезеңі мен Қонаев даңғылы жалғасының V кезеңіндегі құрылыс жұмыстарының барысы қаралды. Қала әкімі мердігер ұйымдарға құрылыс қарқынын сақтап, бекітілген кестеден кешікпей, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.