Еңбек қатынастарын заңдастыру және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Осы бағытта Шымкент қаласында кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын сақтау, еңбек шарттарын рәсімдеу және қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктер беру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.
2026 жылғы маусым айынан бастап жазғы демалыс кезінде балаларды заңсыз еңбекке тарту деректерінің алдын алу мақсатында полиция органдарымен бірлесіп рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде 72 кәсіпкерлік субъектісі тексеріліп, кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын бұзудың 8 фактісі анықталды. Аталған заң бұзушылықтар бойынша 2 әкімшілік айыппұл салынды.
Еңбек қатынастарын заңдастыру және жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында электрондық еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы жарналары туралы мәліметтерге тұрақты мониторинг жүргізілуде. Талдау нәтижесінде 13 159 кәсіпорында ақпараттық жүйелердегі деректердің сәйкес келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, 1 675 кәсіпорында зейнетақы жарналары аударылғанымен, еңбек шарттары туралы мәліметтер жүйеге енгізілмеген. Ал 11 484 кәсіпорында еңбек шарттары тіркелгенімен, міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған.
Бұдан бөлек, жұмыскерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселесі де назарда. Сақтандыру шартын жасасуға міндетті 8 123 кәсіпорынның 6 202-сі тиісті талапты орындаған. Бұл жалпы кәсіпорындардың 76,3 пайызын құрайды. Қалған 1 921 кәсіпорын бойынша сақтандыру шарттарын рәсімдеу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, 2026 жылы Еңбек кодексіне жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, үстеме жұмысқа, мереке және демалыс күндеріндегі, сондай-ақ түнгі уақыттағы еңбекке ақы төлеу тәртібі нақтыланды. Еңбек қатынастарының нақты белгілері болған жағдайда азаматтық-құқықтық шарт жасасуға жол берілмейді. Бұған қоса, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша жұмыс берушілердің жауапкершілігі күшейтілді.
Еңбек заңнамасының талаптарын сақтау жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы қарым-қатынасты реттеп қана қоймай, азаматтардың әлеуметтік қорғалуына да ықпал етеді. Сондықтан еңбек шарттарын дұрыс рәсімдеу, міндетті сақтандыру талаптарын орындау және қызметкерлердің құқықтарын сақтау мәселелері тұрақты бақылауда болуы маңызды.
Алдағы уақытта да Шымкент қаласында еңбек қатынастарын заңдастыру, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл шаралар еңбек заңнамасының сақталуын нығайтуға және әлеуметтік кепілдіктердің толық орындалуына бағытталған.