Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ: МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР КЕҢЕЙТІЛУДЕ

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ: МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР КЕҢЕЙТІЛУДЕ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы Утебаева мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары мен арнаулы әлеуметтік қызметтердің нәтижелері туралы мәлімет берді.
2026 жылы мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шараларына бюджеттен 15,4 млрд теңге қарастырылып, оның 10 млрд теңгесі игерілген. Қазіргі таңда Шымкентте 43 924 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 5 223 адам – бірінші, 15 304 адам – екінші, 14 502 адам – үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Сондай-ақ 8 895 мүгедектігі бар бала есепте тұр.
Азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізілуде. Биыл 52 515 өтінім түсіп, оның 42 330-ы, яғни 80,7 пайызы орындалған. Атап айтқанда, протездік-ортопедиялық көмек, кресло-арба, гигиеналық құралдар, санаторлық-курорттық емдеу, жеке көмекші және ымдау тілі маманының қызметтері көрсетілген. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарға арналған 38 «Инватакси» көлігі арқылы 551 өтініш бойынша қызмет көрсетілуде.
Арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамту көрсеткіші де сақталып отыр. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 3 261 адам қажетті қызмет түрлерімен қамтылған. Оның ішінде 816 азамат стационарлық, 825 адам жартылай стационарлық жағдайда, 373 азамат уақытша болу жағдайында, 1 247 адам үйде қызмет көрсету форматында көмек алуда.
Қалада әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, 150 орындық мүгедектігі бар азаматтарды оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Нысанның жалпы дайындық деңгейі 70 пайызды құрайды. Құрылысын 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жалғасуда. «Сенім» КММ-сі 50 орынға, «Балауса» балалар орталығы 150 орынға есептелген. «Қолдау» балалар орталығын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге «Қазақстан халқына» қоры тарапынан қолдау көрсету жоспарланған. Брифингте жұмыспен қамту саласындағы жаңашылдықтар да таныстырылды. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыс іздеушілерге лайықты жұмыс табу кезеңі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылады. Осы аралықта мансап орталығы мамандары азаматтың білімі, еңбек өтілі мен дағдыларын ескеріп, сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болған жағдайда оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру секілді қосымша қолдау шаралары қарастырылады. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгеріп, мемлекеттік қолдау отбасының нақты жағдайы мен қажеттілігіне қарай көрсетілетін болады.

Пікір жазу