Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЫМКЕНТТЕ «ҚАРЖЫ САҚШЫСЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ОЙЫНЫ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ «ҚАРЖЫ САҚШЫСЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ОЙЫНЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен және қала әкімдігінің қолдауымен «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Қаржы сақшысы» республикалық интеллектуалды ойыны өтті. Жобаның негізгі мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және алаяқтық әрекеттердің алдын алу.

Іс-шараның ашылу салтанатында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы, «Әділет» партиясының қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жанабайұлы Жоджыхожаев пен қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Мейрамбекұлы Кәрімов құттықтау сөз сөйледі. Ал Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Сапарғалиұлы Қайшыбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, қаржылық сауаттылықтың маңыздылығын атап өтті.

Республикалық сайысқа еліміздің бес өңірінен 1 260 қатысушыдан құралған 126 команда қатысты. Қатысушылар қаржылық қауіпсіздік, лудоманияның алдын алу, дропперлік және қаржылық құқық бұзушылықтардан сақтану бағыттары бойынша білімдерін сынады. Ойын барысында жастардың қаржылық тәуекелдерді тану, алаяқтық схемаларды ажырату және дұрыс шешім қабылдау дағдыларына басымдық берілді.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Бірінші орын алған командаға 1 миллион теңге, екінші орынға 500 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге берілді. Сонымен қатар финалға шыққан 10 командаға 100 мың теңгеден сыйақы тапсырылды.

Қаржылық сауаттылықты арттыру қазіргі қоғамда маңызды мәселелердің бірі саналады. Әсіресе жастардың интернет-алаяқтық, күмәнді қаржылық ұсыныстар және өзге де заңсыз әрекеттердің белгілерін білуі олардың жеке қаражатын қорғауға көмектеседі. Осы тұрғыдан алғанда, интеллектуалды ойын қатысушылардың білімін тексеріп қана қоймай, қаржылық қауіпсіздік туралы түсінігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Қаржы сақшысы» жобасы жастар арасында жауапты қаржылық мінез-құлықты қалыптастыруға, заң талаптарын құрметтеуге және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Мұндай бастамалар қаржылық сауатты ұрпақ тәрбиелеуге және қоғамда қауіпсіз қаржылық орта қалыптастыруға ықпал етеді.

«Қаржы сақшысы» республикалық интеллектуалды ойыны жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып, заңсыз қаржылық әрекеттерден сақтану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.

 

Пікір жазу