Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерін жасақтау және азаматтық қорғау саласына кәсіби кадрлар даярлау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Шымкент қаласында күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Ақмола облысының Ақкөл қаласында орналасқан ТЖМ-нің 55209 әскери бөліміне жас сарбаздарды іріктеу және жөнелту бойынша кешенді шаралар ұйымдастырылды.
Аталған жұмыс Шымкент қаласы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен бірлесіп жүргізілді. Әскери бөлімде қызмет етуге ұсынылған үміткерлердің арасынан белгіленген талаптарға сәйкес келетін 23 жас азаматты іріктеу жоспарланды.
Іріктеу кезінде жастардың денсаулық жағдайы, физикалық дайындығы, моральдық-психологиялық тұрақтылығы, тәртібі мен әскери қызметке деген ынтасы ескерілді. Үміткерлермен жеке әңгімелесу және психологиялық тестілеу жүргізіліп, олардың алдағы әскери қызметке дайындығы жан-жақты зерделенді.
Сонымен қатар, болашақ сарбаздармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру кездесулері өткізіліп, әскери қызметтің ерекшеліктері, бөлімдегі тұрмыстық жағдайлар, қызмет өткеру тәртібі, қауіпсіздік талаптары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық ақпарат берілді.
Жастарға мерзімді әскери қызметтің азаматтық өмірдегі мүмкіндіктері де түсіндірілді. Атап айтқанда, әскери борышын өтеген азаматтардың алдағы уақытта азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, сондай-ақ жоғары оқу орындарына түсу кезінде қарастырылған жеңілдіктері жөнінде мәліметтер ұсынылды.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында патриоттық бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесулер барысында Отан алдындағы азаматтық борышты өтеудің маңызы, азаматтық қорғау саласының қоғамдағы рөлі және Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесіндегі қызметтің ерекшеліктері кеңінен насихатталды.