Шымкентте «Әділет» партиясының сайлауалды штабы мүшелері «Мадлен» тәттілер желісінің қызметкерлері және келушілерімен кездесті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында көтерілген мәселелер талқыланып, партияның сайлауалды бағдарламасындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басымдықтар таныстырылды.
Кездесуге «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов, партия атынан қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар Наргиза Керимбаева, Алжан Байметов, Нұржан Мамырайхан, Азимхан Исабек, Юрий Пан, сондай-ақ сайлауалды штаб мүшелері Дана Калменова мен Орынбасар Лештаев қатысты.
Жиында сөз алған Ербол Байқонысов Президент Жолдауында айтылған міндеттерге тоқталып, олардың бірқатары партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасында қамтылғанын жеткізді. Ол әсіресе экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелеріне назар аударды.
«Мемлекет басшысының Жолдауында ел экономикасын дамытуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауға қатысты маңызды міндеттер қойылды. Бұл бағыттар біздің сайлауалды бағдарламамызда да көрініс тапқан. Шымкент – кәсіпкерлік қарқынды дамып келе жатқан қала. Сондықтан шағын және орта бизнестің жұмысын қолдау, тұрақты жұмыс орындарын көбейту және тұрғындардың табысын арттыру мәселелеріне назар аудару қажет», – деді Ербол Байқонысов.
Кездесуде қаланың экономикалық дамуы мен еңбек нарығындағы мәселелер де қозғалды. Мәслихат депутаттығына кандидат Наргиза Керимбаева тұрғындардың нақты табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Оның айтуынша, қала экономикасының дамуы ең алдымен тұрғындардың күнделікті тұрмысынан көрінуі тиіс. Бұл үшін кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлауға да көңіл бөлу қажет.
«Біздің басты мақсатымыз – Шымкент тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, әр азаматтың тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасау. Ол үшін шағын және орта бизнесті қолдап, кәсіпкерлік бастамаларға жол ашуымыз қажет. Кәсіпкерлердің дамуына қолайлы жағдай жасау жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлау да маңызды. Экономикалық дамудың нәтижесі тұрғындардың әл-ауқатының артуынан көрінуі керек», – деді Наргиза Керимбаева.
Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасындағы өзге де бағыттар таныстырылды. Қатысушылар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер жөнінде пікір алмасып, кәсіпкерлік нысаны қызметкерлері мен келушілерінің ұсыныстарын тыңдады.
Дайындаған: «Әділет» партиясының Шымкент қалалық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Байқонысов Е.Р.
Шымкент қалалық мәслихаты депутаттарының сайлауына партиялық тізім ұсынған
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.





