Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстарының V кезеңімен танысты. Қазіргі уақытта құрылыс учаскесінде жер қазу жұмыстары жүргізіліп, тіреу қабырғалары тұрғызылуда. Сонымен қатар жол жиектері нығайтылып, асфальтбетон жабынын төсеуге арналған жол негізі дайындалуда.
Бұдан бөлек, қала әкімі А-2 автомобиль жолын қайта жаңғыртудың V кезеңіндегі жұмыстардың барысын тексерді. Ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын аталған учаскеде бұған дейін жолдың бір жағымен ғана көлік қозғалысы ашылған болатын. Қазіргі таңда жолдың екінші жағымен де қозғалыс ашылып, нәтижесінде алты жолақтың барлығында екі бағыт бойынша толыққанды көлік қатынасы қамтамасыз етіледі.
Жоба аясында жолдың жүру бөлігі кеңейтіліп, инженерлік желілер көшірілді және жол төсемі төселді. Қазіргі уақытта іргелес аумақты абаттандыру, тротуар салу, көгалдандыру және қосымша инфрақұрылым нысандарын аяқтау жұмыстары жүргізілуде.
Аралау қорытындысы бойынша Ғабит Сыздықбеков мердігер ұйымға қалған жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Фото ЖИ көмегімен өңделді.