Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ ЖОБАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУҒА ШЫҒАРЫЛДЫ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ ЖОБАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУҒА ШЫҒАРЫЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында қаланың Бас жоспарына түзетулер енгізу жобасы бойынша қоғамдық талқылау өтті.
Іс-шараға қала құрылысы саласының мамандары, жобалаушы ұйымдардың өкілдері және қоғам мүшелері қатысты.

Қоғамдық талқылау барысында Шымкент қаласының Бас жоспарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қаралды. Жиынға Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дәурен Мұқанов, «Проектная фирма «ГРАДО» ЖШС өкілдері Махабат Нұрахметова мен Михаил Щербинин, аталған серіктестіктің бас сәулетшісі Аркинжан Маметов, сондай-ақ, «Шымкент Басжоспар» КММ басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Архабаев қатысты.

Қаланың Бас жоспары 2045 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Құжатта халық санының өсуі, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандарды орналастыру, өндірістік әлеуетті арттыру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыттары ескерілген.

Болжам бойынша, қазіргі таңда қала халқының саны 1 миллион 294 мың адамды құраса, 2045 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 миллион 400 мыңға жетеді. Осыған сәйкес тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту да көзделген. Бүгінде Шымкенттің тұрғын үй қоры 25 миллион шаршы метр болса, Бас жоспарға сәйкес 2045 жылға дейін оны 30 миллион шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр.

Халық санының артуына байланысты білім беру инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілген. Қазір қалада 304 мектеп жұмыс істейді. Ал, 2045 жылға дейін тағы 225 мектеп пен 430 балабақша салу жоспарланған. Бұл білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені азайтып, өсіп келе жатқан ұрпақтың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауға бағытталған.

Бас жоспарда қаланың экономикалық әлеуетін нығайту мәселелері де қамтылған. Атап айтқанда, индустриялды аймақтарды кеңейту, өндіріс орындарын дамыту және агроөнеркәсіп кешенінің мүмкіндіктерін арттыру көзделген. Бұл бағыттар жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және қаланың өндірістік әлеуетін арттыруға негіз болады.

Сонымен қатар, құжатта жол-көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қатысты егжей-тегжейлі жоспарлау сызбалары қарастырылған. Атап айтқанда, көше-жол желісін жетілдіру, көлік қатынасын оңтайландыру, инженерлік желілердің қуатын арттыру және қаланың жаңа аумақтарын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағыттары қамтылған.

Айта кетейік, қоғамдық талқылаудың негізгі мақсаты – жоспарланған өзгерістерді көпшілік назарына ұсынып, тұрғындар мен мүдделі тараптардың пікірлері мен ұсыныстарын ескеру. Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен ескертулер жобаны одан әрі жетілдіруге негіз болады.

 

Пікір жазу